Қарағанды облысында ұлттық спорт түрлерінен IV облыстық фестиваль өтеді

Қарағанды облысында ұлттық спорт түрлерінен IV облыстық фестиваль өтеді

22 шілде күні Қарағанды облысында ұлттық спорттың үздік дәстүрлері мен рухын дәріптейтін маңызды спорттық-мәдени шара – IV облыстық ұлттық спорт түрлері фестивалі өтеді. Ауқымды дода Бұқар жырау ауданының Құрылыс ауылында, Қарағанды қаласынан небәрі бірнеше шақырым жерде орналасқан кең әрі ыңғайлы алаңда ұйымдастырылады. Шара екі күнге созылады.

Фестивальге өңірдің барлық аудандары мен қалаларынан үздік спортшылар қатысады. Қатысушылар ұлттық спорттың оннан астам түрінен бақ сынайды: көкпар, аударыспақ, жамбы ату, теңге ілу, қазақ күресі, жекпе-жек, асық ату, бес асық, тоғызқұмалақ, дәстүрлі садақ ату, аламан бәйге.

«Ұлттық ойындардың қазіргі заманда қалай дамып жатқанын көзбен көру мүмкіндігін жіберіп алмаңыздар!» – дейді ұйымдастырушылар.

Шараның алғашқы күні, 22 шілдеде сағат 10:00-де іріктеу кезеңі басталады. Ал 23 шілде күні сағат 12:00-де Құрылыс ауылындағы орталық алаңда фестивальдің салтанатты ашылу рәсімі өтеді. Осы күні жарыстардың финалдық кезеңдері ұйымдастырылып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталады.

Фестиваль – ұлттық спорт түрлерін дәріптеу мен жастар арасында танымал етуге бағытталған маңызды жоба. Сонымен қатар, бұл шара өңірде бұқаралық спорт пен салауатты өмір салтын дамытудың тағы бір жарқын үлгісіне айналмақ.