Теміртауға тарту: Металлургтер күні қарсаңында Qarmet Park қайта жаңарту жұмыстары аяқталғалы жатыр

Теміртауға тарту: Металлургтер күні қарсаңында Qarmet Park қайта жаңарту жұмыстары аяқталғалы жатыр

Металлургтер күні Qarmet Park гүлзарының екінші кезеңі жаңғыртылып, заманауи отбасылық демалыс және балаларды дамыту орталығы ашылды. Бұл жобалар — жеке бастамалар негізінде жүзеге асқан әлеуметтік инвестициялар. Олар қалалық ортаны жақсартып, тұрғындарға жайлы қоғамдық кеңістік ұсынуға бағытталған.

Нысандардың ашылу салтанатына Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев қатысты.

Qarmet Park гүлзары соңғы жылдары түбегейлі өзгерді.

Өткен жылы мұнда Street Workout алаңы, ашық жаттығу тренажерлары, үстел теннисіне арналған орындар, қырлы тас төселген жаяу жүргінші жолдары, жарық шамдары мен велотұрақтар орнатылған болатын. Биылғы жаңғырту жұмыстарының аясында гүлзар аумағында жаңа нысандар пайда болуда.

Атап айтқанда, мұнда металлургия кәсіпорнының жыл сайынғы жетістіктері көрсетілетін «Даңқ аллеясы» салынуда. Балалар үшін ойын кешендері орнатылып, волейбол, баскетбол және боксқа арналған спорт алаңдары жабдықталуда. Жаяу серуен аймағы кеңейтіліп, қосымша жарықтандыру жүйесі орнатылды. 

Жалпы аумақты көріктендіру және абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, гүлзар нағыз отбасылық демалыс орнына айналды.

Qarmet қала тұрғындарының серуендейтін сүйікті орнына айналуы үшін саябақты абаттандыруды және көгалдандыруды жалғастырады.

Осы күні Теміртауда тағы бір маңызды нысан — Отбасылық демалыс және балаларды дамыту орталығы ашылды. 

Екі қабатты, жалпы аумағы 2700 шаршы метрді құрайтын ғимаратта балалар мен жасөспірімдерге арналған түрлі белсенді және танымдық аймақтар орналасқан.

Орталықта ниндзя-парк, скалодром, арқан саябағы, тюбинг және толқынды сырғанақтар, «суперспуск» және «суперклаймбер» сынды заманауи аттракциондар бар. Мұнда бір уақытта 290 адамға дейін қабылдауға мүмкіндік жасалған. Сондай-ақ фудкорт аймағы мен паркке панорамалық көрініс ашылатын жайлы мейрамхана жұмыс істейді. Орталықтың ашылуы нәтижесінде 80 жаңа жұмыс орны құрылды.

— Қалаға осындай жобалар қажет. Олар тұрғындардың өмірін қолайлы етіп, қызықты демалыс пен отбасылық уақыт өткізуге жаңа мүмкіндік береді, — деді Ермағанбет Бөлекпаев орталықтың ашылуында сөйлеген сөзінде.

Металлургтер күніне арналған мерекелік іс-шаралар мұнымен шектелмейді. Алдағы демалыс күндері Теміртау тұрғындары мен қонақтарын қазақстандық және шетелдік эстрада жұлдыздарының қатысуымен өтетін үлкен концерт күтіп тұр.