Қарағанды облысының туристік бағыттарында көлік инфрақұрылымының қолжетімділігін арттыру мақсатында «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы кешенді іс-шараларды жүзеге асыруда. Бұл ретте басты назар республикалық маңызы бар автожолдарды жөндеуге және ұлттық стандарттарға сай, сапалы әрі жайлы жол бойы инфрақұрылымын дамытуға бағытталған.
Облыс аумағындағы республикалық маңызы бар автожолдардың жалпы ұзындығы – 1843,5 шақырым. 2025 жылы 10 учаскеде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде, олардың жалпы ұзындығы – 291 шақырымды құрайды. Жөндеу жұмыстары туристер жиі таңдайтын Қарқаралы, Балқаш көлі және Баянауыл бағыттарында жүргізілуде.
Қарқаралы курорттық аймағына дейін республикалық маңызы бар KAZ15 Қарағанды – Аягөз – Тарбағатай – Боғаз автожолы алып барады. Қарағанды мен Қарқаралы арасындағы арақашықтық 200 шақырым. 2025 жылы осы жолдың 17–102 шақырым аралығындағы бөлігінде орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жалпы ұзындығы – 85 шақырым. Қалған 115 шақырым жол 2021–2024 жылдар аралығында жаңартылған болатын.
Бұл бағытта 10 жол бойы сервистік нысан (6 кафе, 4 жанармай құю станциясы), 3 демалыс алаңы, 3 суық дәретхана және 1 санитарлық-гигиеналық торап жұмыс істеп тұр. Биылғы жылы тағы бір санитарлық-гигиеналық торап пен сауда алаңының орнатылуы жоспарланған. Сонымен қатар, электрмен жабдықтау, жарықтандыру және септик жүйесін орнату қарастырылған. Барлық нысандар ұлттық стандарттарға сай және жылы дәретханалармен жабдықталған.
Балқаш көлі мен Балқаш және Приозерск қалаларына дейін KAZ01 Астана – Қарағанды (айналма жол) – Алматы автожолы арқылы жетуге болады. Қарағанды – Балқаш – Сарышаған бағыты бойынша бүгінде 68 жол бойы сервистік нысан (28 кафе, 22 ЖҚС, 16 қонақ үй мен кемпинг, 2 техникалық қызмет көрсету станциясы), 3 демалыс алаңы және 4 санитарлық-гигиеналық торап қызмет көрсетуде.
2025 жылы бұл бағытта қосымша 2 сервистік нысан, 21 жаңа демалыс алаңы және 6 санитарлық-гигиеналық торап салу жоспарланған. Бұл нысандар Қарағанды – Балқаш – Бурылбайтал автожолын қайта жаңарту жобасы аясында жүзеге асырылуда. Жоба автокөлікпен саяхаттайтын азаматтардың қауіпсіздігі мен жайлылығын арттыруға бағытталған.
Туристік нысандарға апаратын жолдардың қолжетімділігін арттыру бойынша жұмыстар Қазақстанның сегіз өңірінде жүргізілуде. Бұл ретте Қарағанды облысы жобалардың ауқымы мен көлемі бойынша көш бастап тұр.
Жолдарды жөндеу және инфрақұрылымды дамыту - өңірдің туристік тартымдылығын арттыру стратегиясының маңызды бөлігі. Ыңғайлы жолдар, заманауи демалыс аймақтары мен сапалы сервис тұрғындар мен қонақтарға жайлы әрі қауіпсіз саяхаттауға мүмкіндік береді.