Металлургия – Қарағанды өңірінің экономикалық өзегіне айналған дәстүрлі сала. Бұл аймақ қашанда ел индустриясының алдыңғы шебінде келеді. Саланы дамытудың тағы бір маңызды бағыты – ғылым. Ал осы бағытта жарты ғасырдан астам уақыт бойы тұрақты еңбек етіп келе жатқан мекеме – Ж. Әбішев атындағы Химия-металлургия институты (ХМИ). Бұл – Орталық Қазақстандағы металлургия және химиялық технологиялар бойынша жалғыз мамандандырылған ғылыми-зерттеу институты.
Тәуелсіздік жылдары ХМИ ғалымдары алты бірдей Мемлекеттік сыйлыққа ие болды. Алғашқы марапат – Қарағанды көмірінен арнайы қорытпа алу технологиясын ойлап тапқаны үшін берілген.
Металлургтер күні қарсаңында Қарағанды облысында бірқатар үздік мамандар мемлекеттік наградалармен марапатталды. Солардың қатарында – Ж. Әбішев атындағы ХМИ директоры, техника ғылымдарының докторы, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сайлаубай Байсанов. Ғалым еліміздің ең жоғары марапаттарының бірі – «Құрмет» орденіне ие болды.
– Бұл марапат – менің ғана емес, бүкіл институт ұжымының ұзақ жылғы еңбегіне берілген баға. Ол бізге жаңа биіктерге ұмтылуға күш береді, – дейді Сайлаубай Байсанов.
Сайлаубай Байсанов – теміржолшылар әулетінен шыққан. Алайда тағдырын ғылыммен байланыстырған. Мәскеудің атақты Болат және қорытпалар институтын тәмамдап, бар өмірін металлургия саласына арнады. Бүгінде бұл салада еңбек етіп келе жатқанына тура елу жыл.
Ғылым мен өндірісті тоғыстырған ұрпақ Байсановтың айтуынша, институттың қатысуымен Қарағандыда үш ферроқорытпа зауыты іске қосылып, бүгінде төртінші – еліміздегі ең ірі өндіріс орындарының бірі салынып жатыр.
– Осы жылдар ішінде үш домна пешінің іске қосылуына, болатты үздіксіз құю агрегаттарының орнатылуына тікелей атсалыстым. Елу жыл ішінде технологиялардың қаншалықты қарыштап дамығанын көріп, өзім де таңғаламын. Есімде, алғашқы шағын тәжірибелік пеш Ақсу ферроқорытпа зауытында орнатылған болатын. Ал бүгінде бұл кәсіпорын – әлемдегі ең қуатты зауыттардың бірі. Қазақстан ферроқорытпа өндірісі бойынша дүние жүзінде көш бастап тұр. Өніміміз ішкі нарықта да, халықаралық деңгейде де үлкен сұранысқа ие, – дейді ол.