Қарағандылық параспортшы Ақназар Мүтәліпов ерекше сынақты еңсерді — ол Балқаш көлін бір жағалауынан екінші жағына дейін жүзіп өтіп, 20 шақырымдық қашықтықты 13 сағат ішінде тоқтамай бағындырды. Бұл ерекше жетістікке 27 жастағы спортшы бір қолы мен бір аяғы ғана бола тұра қол жеткізді.
Ақназардың оқиғасы — ерік-жігердің, табандылықтың және өмірге деген құштарлықтың шынайы үлгісі. 2018 жылға дейін ол теміржол саласында еңбек еткен. Алайда өндірістегі ауыр оқиға салдарынан мүгедектікке ұшырап, өмірін түбегейлі өзгертуге мәжбүр болды. Бала кезінен суда жүзуге әуес болғанымен, кәсіби спортқа бет бұру жоспары болмаған. Бірақ жарақаттан кейін Балқаш көліне келіп, қайтадан жүзуді бастайды. Су оған күш-жігер мен сенімді қайтара бастайды. Осылайша ол спортты қолға алады: бассейнге жазылып, жаттықтырушымен жүйелі түрде жаттыға бастайды.
Алғашқы жетістігі көп күттірмеді. 2024 жылдың наурызында ол Тараз қаласында өткен жарыста 400 метрге еркін стильде жүзуден параспорт бойынша Қазақстан чемпионы атанды. Сол жылы ол Бурабай көлін жүзіп өтіп, өз шеберлігін тағы бір мәрте дәлелдеді. 2025 жылы Мүтәліпов алдына жаңа мақсат қойды — Балқаш көлін жүзіп өту.
– Балқашты тоқтаусыз жүзіп өттім. 20 шақырым. Бұл – өзіме және бүкіл әлемге мүмкіндігі шектеулі адамның да шексіз межелерді бағындыра алатынын дәлелдеу еді. Менің мақсатым – тек жүзу ғана емес, адам рухының қандай қиындықты да еңсеруге қабілетті екенін көрсету, – деп жазды параспортшы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.
Бүгінде Ақназар Мүтәліпов Гиннестің рекордтар кітабына өтінім беруге дайындалып жатыр. Ол осы ерекше жетістігін ресми түрде тіркеуді және халықаралық аренада Қазақстанның атынан өнер көрсетуді мақсат етеді.
Фото: Ақназар Мүтәліповтың әлеуметтік желілерінен алынған