Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің археологтары Бұқар жырау ауданының аумағында орналасқан көне қоныс орнынан бірқатар құнды археологиялық олжалар тапты. Төрткөл ауылының маңынан анықталған бұл қоныс – қос қатар тастан қаланған қабырғалары бар жартылай жертөле үлгісіндегі құрылыс.
Қазба жұмыстары барысында геометриялық өрнектермен безендірілген қыш ыдыс сынықтары, жануарлардың сүйектері, тас бұйымдар, шақпақ тастан жасалған жебе ұшы мен металл пышақ табылды.
Керамикалық кешеннің сипаттамасы мен құрылыс ерекшеліктеріне сүйене отырып, археологтар бұл нысанды алакөл археологиялық мәдениетіне жатқызып отыр.
Алдын ала деректер бойынша, қоныс б.з.д. XVIII–XVII ғасырлар аралығына тиесілі.
– Алда қыш материалдарына технико-технологиялық талдау жасалып, нысанның нақты мерзімін анықтау үшін үлгілер радиокөміртекті зерттеуге жіберіледі. Қола дәуіріндегі қоныстарды жүйелі зерттеу – Орталық Қазақстан аумағындағы көне тұрғындардың шаруашылығы мен күнделікті тұрмысы туралы білімімізді кеңейтуге мүмкіндік береді, – деді Сарыарқа археологиялық институтының директоры Алексей Кукушкин.
Археологиялық зерттеулер Қарағанды облысының мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының қолдауымен жүргізілді.