Қарағанды облысында «Кәсіби маман» байқауының өңірлік кезеңі қорытындыланды. Жұмысшы мамандықтар жылы аясында бұл байқау «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бастамасымен өткізілуде. Мақсаты – жұмысшы кадрларды даярлаудағы үздік тәжірибелерді қолдау. Байқауға жұмыс берушілер мен колледждер қатысады, негізгі бағыт – олардың серіктестігін нығайту.
Қарағанды облысының Кәсіпкерлер палатасының хабарлауынша, өңірлік кезеңге кәсіпорындар, колледждер мен өндірістік тәлімгерлерден барлығы 10 өтінім түскен. Арнайы комиссия үш номинация бойынша жеңімпаздарды анықтады.
«Кадрларды даярлауға қатысушы үздік кәсіпорын» аталымында «Maker» ЖШС (Қарағанды құйма-механикалық зауыты) жеңіске жетті. Компания дуальды оқыту жүйесін белсенді енгізіп, өңірдегі колледждер мен техникалық мектептермен тұрақты байланыс орнатқан.
Осы кәсіпорында еңбек ететін Александр Исупов өндірістегі үздік тәлімгер ретінде танылды.
«Кәсіпорынның үздік серіктес колледжі» номинациясында Қарағанды жоғары политехникалық колледжі жеңіске жетті. Оқу орны өндіріс орнымен жоғары деңгейде ықпалдасып, түрлі байқауларға белсенді қатысып, студенттердің кәсіби құзыреттілігін дамытуда ерекше көзге түсті.
Жеңімпаздар күзде Астанада өтетін байқаудың республикалық кезеңінде Қарағанды облысының намысын қорғайтын болады.
– «Кәсіби маман» байқауы кадр даярлау сапасының артуына және бизнес пен білім беру арасындағы серіктестіктің нығаюына ықпал етеді. Бүгінде тәжірибеге негізделген оқыту моделін дамыту бұрынғыдан да маңызды, – деді Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ернар Күлпеисов.
Қарағанды облысында оқу мен тәжірибе тығыз ықпалдасқан дуальды оқыту жүйесі дамып келеді. Облыстық кәсіпкерлер палатасының дерегінше, бұл жүйеге бүгінде 39 колледж, 828 кәсіпорын, 289 сертификатталған тәлімгер тартылған.