Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында әртүрлі этнос өкілдеріне арналған жазғы мәдени-лингвистикалық лагерь өз жұмысын бастады. Бес күндік бағдарлама ұлттық парк аумағындағы «Сұңқар этноаулында» өтуде. Шара Саран қаласының Тілдерді дамыту орталығы мен «Мәміле» сөйлесу клубының қатысушыларын біріктірді.
Лагерьдің басты мақсаты — қазақ тілін тек оқу пәні ретінде емес, күнделікті қарым-қатынас, мәдениетпен танысу және бірлескен әрекеттер құралы ретінде қолданатын табиғи тілдік орта қалыптастыру.
Қаланың қарбалас өмірінен жырақта, этномәдени ортада қазақ тілінде сөйлесу тілді жылдам меңгеруге ғана емес, этностар арасындағы диалог құруға да мүмкіндік береді.
— Мұндай идея өткен жылы, облыстық басқарма өз лагерін өткізгеннен кейін туындады, — дейді Саран қаласының Тілдерді дамыту орталығының директоры Альбина Нұрмаханова. — Біз форматты кеңейтуді ұйғардық: тілден бөлек, қатысушылар қазақ халқының мәдениеті мен дәстүрімен танысады. Сондықтан лагерь орны ретінде Қарқаралыны таңдадық.
Бағдарламаға тілдік тренингтер, шеберлік сабақтары, ұлттық ойындарға қатысу, этноэкскурсиялар және табиғатқа серуендер енген. Қатысушылар қазақ тіліндегі білімдерін жетілдірумен қатар, халықтың тұрмысы, асханасы мен салт-дәстүріне терең бойлайды.
Бағдарламаның ерекше бөлігін өңірдің мәдени нысандарына жасалатын экскурсиялар құрайды. Биыл лагерьдің өткізілу мерзімі Абай Құнанбайұлының 180 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Сол себепті қатысушылар ұлы ақын Қарқаралыға келгенде тұрған үй-музейге де барады.
— Биыл біз мұндай форматтағы оқытуды алғаш рет өткізіп отырмыз, — дейді Альбина Нұрмаханова. — Егер лагерь өзінің тиімділігін көрсетсе, келесі жылы үш ауысым ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз.