Осакаров ауданында тұрғындар жайылымдық жерлермен қамтамасыз етілуде

Осакаров ауданында тұрғындар жайылымдық жерлермен қамтамасыз етілуде

Осакаров ауданында екі жылдан бері жергілікті тұрғындарды жайылыммен қамтамасыз етуге бағытталған «Жайлау» жобасы сәтті жүзеге асырылып келеді. Оның игілігін Сарыөзек, Қарағайлы және Көлді ауылдық округтерінің тұрғындары алғаш болып көрді. Бұл елдімекендерде қоныс жайылымына 10 500 гектар жер бөлінген.

– Жайылым мен шабындық жердің жетіспеушілігі тек біздің ауданда емес, барлық өңірде байқалады, – дейді аудан әкімінің орынбасары Береке Есіргепов. – Тұрғындар бұл мәселені үнемі көтеріп отырады. Біз пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен меморандумдар жасасып, олардың жер учаскелерін уақытша пайдалануға беруін қамтамасыз етудеміз.

Барлық жайлауларда құдықтар қазылып, қалқалар, вагондар, су ішуге арналған ыдыстар орнатылып, генераторлар сатып алынды.

– Сарыөзек ауылдық округінде тұрғындардың барлығында дерлік ірі қара бар. Біз жайылымдық жер бөлу жөнінде жергілікті билікке бірнеше рет жүгіндік, – дейді ауыл тұрғыны Манарбек Досымханов. – Жайлау беріле бастағанда қатты қуандық. Қазір ауылда тек сауылатын сиырлар қалды, қалған мал түгел жайлауға айдалды. Малды кезекпен бағып отырмыз.

Өткен жылы «Жайлау» жобасы Шідерті ауылдық округінің жерінде жүзеге асырылды. «Тайбұрыл-НК» ЖШС меморандум негізінде 2000 гектар жайылымдық жерін тұрғындардың пайдалануына берді. Қазір бұл аумақта Ақбұлақ ауылдық округінің, Жастар кентінің және Шідерті округінің тұрғындары малын бағып отыр.

– Мен Ақбұлақ ауылында тұрамын. Біз үшін «Жайлау» жобасы нағыз қолдау болды, – дейді ауыл тұрғыны Мишириза Бұғай. – Барлық малымызды жайлауға айдадық.

Нияз ауылдық округінде де 3100 гектар жерге жайылым ұйымдастырылған.

Биыл «Жайлау» жобасы Есіл ауылдық округінде де жүзеге асырылды. Көктемде үш жарым мыңнан астам бас мал жайылымға шығарылды.

Осакаров ауданы әкімдігінің баспасөз қызметінің ақпараты бойынша