Польшада өткен футбол турнирінде Қарағандының ерекше жандардан құралған командасы үздік бестікке енді

Польшада өткен футбол турнирінде Қарағандының ерекше жандардан құралған командасы үздік бестікке енді

Польшадағы Торунь қаласында ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған жыл сайынғы Seni Cup – 2025 футбол турнирі өтті. Аталған жарысқа Қарағанды облысынан қатысқан №2 арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының командасы – «Arlan Karaganda» барлық ойын қорытындысы бойынша бесінші орын иеленді.

Биыл турнирге Польша, Германия, Чехия, Венгрия, Литва, Латвия, Эстония және Қазақстаннан 30 команда қатысты. Қазақстан атынан жарысқа шыққан «Arlan Karaganda» құрамасы Қарағандыдағы №2 арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының тәрбиеленушілерінен жасақталған.

– Команданың құрылғанына біраз болды. Спортшылар тұрақты түрде жаттығады және жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Польшаға бару үшін біздің футболшылар Астана мен Алматы қалаларында өткен іріктеу кезеңдерінен сүрінбей өтті. Бұл – олардың алғашқы халықаралық сапары емес. Мәселен, 2023 жылы осы турнирде біздің команда екінші орынды иеленген болатын, – дейді орталық директоры Аслан Мекентай.

Қарағандылықтар биылғы жарыстың деңгейі жоғары болғанын, қарсыластарының дайындығы мықты екенін атап өтті. Ең күрделі кезең – іріктеу ойынында топ-12-ге ену болған. Себебі тек осы командалар финалға шығу құқығы үшін күресе алды. Жарыс барысында «Arlan Karaganda» ойыншылары лайықты өнер көрсетіп, жалпы есеп бойынша турнир кестесінде бесінші орынды еншіледі. Команда мүшелері естелік сыйлықтар мен дипломдармен марапатталды.

– Тәрбиеленушілер өз нәтижелеріне риза. Ең бастысы – қатысу. Олар өзге елді көріп, жаңа тәжірибе жинап, өз мүмкіндіктерін көрсете алды. Егер футбол болмаса, мұндай сапарға шығуға мүмкіндік те болмас еді, – деп түйіндеді Аслан Мекентай.