Бес өнердің салтанаты: Қарағандылықтар республикалық командалық айтыстың жеңімпаздары атанды

Бес өнердің салтанаты: Қарағандылықтар республикалық командалық айтыстың жеңімпаздары атанды

Түркі әлемінің рухани астанасы Ақтауда поэзия, музыка және ұлттық дәстүрлерді біріктірген «Маңғыстау – түркі мәдениетінің төрі» республикалық командалық айтысының финалы өтті. Қарағанды командасы Түркістан облысының өкілдерімен жеңісті бөлісті.

Мәдени жоба қазақ өнерінің бес түрін біріктірді: айтыс, жыр, терме, күй және дәстүрлі ән. Әсіресе, айтыстың сүре, түре, қайым, қыз бен жігіт және өтірік өлең сияқты түрлерінің қайта жандануы маңызды болды.

Ақтаудағы финалға еліміздің барлық өңірлерінен 20 команда жиналды, олардың әрқайсысы өз өңірінің ақындық мектебін көрсетті.

– Қазақ өнерінің бүкіл палитрасы жинақталған орасан зор жоба екі жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Ақтық сайыс түркі мәдениетінің рухани астанасы Ақтауда өтуі ерекше мәнге ие. Бізді ыстық ықыласпен қарсы алды, көрермендер алғыс айтты. Бұл айтысқа еліміздің ең мықты командалары қатысты, сондықтан жеңімпаздардың қатарында болу, сөзсіз, үлкен құрмет. Қарағандылық айтыскерлер өңіріміздің ақындар мектебі мықты екенін тағы бір мәрте дәлелдеді, – деп бөлісті команданың кураторы, айтыскер, Қарағанды облысы мәдениет басқармасының жанындағы «Арқа» ақындар мектебінің жетекшісі Айтбай Жұмағұлов.

Қарағандылықтардың өнерін қазылар алқасы жоғары бағалады. Ақындар ерекше суырыпсалма өнерін, өткір ой мен нақты сөз саптауды көрсетіп қана қоймай, поэзияны әуенмен, драматургиямен және сахналық тартымдылықпен үйлестірді. Олардың сөзі ата-бабаларымыздың рухын сақтай отырып, жан-жақты, эмоционалды және заманауи болып естілді.

– Қатысушыларымызды «Маңғыстау – түркі мәдениетінің төрі» республикалық айтысындағы лайықты жеңісімен құттықтаймын! Қарағанды облысының командасы тамаша шеберлік көрсетті. Бұл жетістік жастарды рухани мұраны одан әрі сақтауға және бағалауға шабыттандырады, – деп атап өтті Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

2024 жылдан бастап жоба AMANAT партиясының бастамасымен «Ұлттық мұра» бағдарламасы аясында жүзеге асырылады.

Фото ұйымдастырушылардан