Абай ауданында жаңа модульдік ветеринарлық пункт ашылды

Абай ауданында жаңа модульдік ветеринарлық пункт ашылды

Қарағанды облысы Абай ауданы Көксу ауылында жаңа модульдік ветеринарлық пункт ашылды. Ол біріздендірілген блок-модульдерден жасалған, үй және ауыл шаруашылығы жануарларын диагностикалауға, дерттердің алдын алуға, вакцинациялауға, емдеуге және жоспарлы тексеруге мүмкіндік беретін заманауи жабдықтармен жабдықталған.

Облысты заманауи ветеринарлық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету – басым бағыттардың бірі және мамандар үшін де, тұрғындар үшін де маңызды.

– Қолайлы және қазіргі заманғы жағдайлары бар осындай пункттердің ашылуы – өңірдегі мал шаруашылығының өнімділігін арттыру үшін маңызды қадам, сондай-ақ халық үшін жануарлардан алынатын өнімдер қауіпсіздігінің кепілі. Бұл тек ветеринарлардың жұмыс жағдайын жақсарту үшін ғана емес, сонымен қатар тұрғындар мен мал өсірушілерге ветеринарлық көмектің қолжетімділігін арттыру үшін де қажет. Бұл қызмет көрсету сапасын жақсартады, эпизоотиялық қауіпсіздікті арттырады және мал шаруашылығын дамытуға ықпал етеді, – деді облыс әкімінің орынбасары Бауыржан Асанов ветеринарлық пункттің ашылуында.

Пункт Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенін дамыту тұжырымдамасы аясында салынған. Оның ашылуы осы жылдан бастап 10 шілдеде атап өтілетін Ветеринарлық қызметкер күніне орайластырылған.

Ашылу салтанатында саланың үздік мамандары құрмет грамоталарымен және ведомстволық наградалармен марапатталды.

Суретті түсірген: Жангелді Әбдіғалым