Алматыда өткен мереке күндері «Медеу» мұз айдыны құрақ көрпе жамылды. 660 құрақ көрпе біріктіріліп, жаңа әлемдік рекорд орнатылды. Акцияға Қазақстанның түкпір-түкпірінен алты жастағы балалардан бастап 90 жастағы әжелерге дейінгі шеберлер қатысты. Балқаш қаласының тұрғындары да қалыс қалмады.
"Рекордқа жеті балқаштық өз үлесін қосты. Олардың барлығы түрлі мамандық иелері. Бірақ барлығын ортақ - қазақ қолөнерін жандандыру және танымал етуге деген ұмтылыс біріктірді. Ерекше назар рекордтың ең жас қатысушысы - біздің жерлесіміз 6 жасар Айша Сәменбетке аударылды. Ол Ы. Алтынсарин атындағы мектептің оқушыся. Қыз бала анасымен бірге арнайы құрақ дайындап, жалпы жабынға өз үлесін қосты", – деп хабарлады "Северное Прибалхашье" газеті.
Акцияның бастамашысы – «Аламан құрақ» қауымдастығы. Ауқымды еңбек Global World Book of Records әлемдік рекордтар кітабында ресми түрде тіркелді. Ұйымдастырушылар атап өткендей, құрақ көрпелер бір түсті, өлшемі мен салмағы бірдей материалдан жасалған.
– Мұндай шара Алматыда алғаш рет өткізіліп отыр. Қазақстаннан GBR-ға этнорекордты тіркеуге өтінім келіп түсті. Әлемдік ауқымда да, Қазақстан тарихында да мұндай жаппай жоба болмаған, сондықтан бастаманы қолдау туралы шешім қабылданды. ҚР 20 өңірінен, 17 облыстан және республикалық маңызы бар үш қаладан – Алматы, Астана, Шымкенттен 660 шебер қатысты. Шеберлер белгіленген талаптарға сәйкес тігілген дайын бұйымдармен (өлшемі, салмағы, пішімі, үлгісі және т. б.) келді. Рекорд көбінесе Алматы қаласына арналғандықтан, көрпелердің бояуы да біздің қала сияқты жарқын болды. Алма түріндегі жастықтар байқауға қатыспады, бірақ олар іс-шараны безендірді. Рекорд орнатуды сегіз тіркеу офицері қадағалады. Сонымен қатар, онлайн-режимде процесті Чехия судьясы мен Үндістандағы тіркеу бөлімінің хатшысы бақылап отырды. Бүгінде Алматыда әлемдік рекорд орнатылды, тіркелді және он күн ішінде халықаралық рекордтар тізіліміне енгізіледі, – деді Global World Book of Records (GBR) тіркеуінің бас өкілі Қуандық Құдайбергенов.
Фото: Алматы әкімінің баспасөз қызметі