Таиланд астанасы Бангкокта шаңғы роллерлерінен Азия Кубогының бірінші кезеңі өтуде. Құрлықтық біріншілікке Мексика, Оңтүстік Корея, Филиппин, Моңғолия, Малайзия, Таиланд және Қазақстан спортшылары қатысуда. Ұлттық құраманың құрамында 17 спортшы бар, олардың екеуі қарағандылық. Екеуі де жүлделі орындарға ие болды.
– Классикалық 1300 метрлік спринт жарысында Евгения Вадутова күміс медаль жеңіп алды. Диляра Бейсекеева қола жүлдеге ие болды. Әлеуетті қарағандылық шаңғышылар ел чемпионаттары мен басқа да республикалық біріншіліктерде бірнеше рет жеңіске жетті. Енді шаңғы роллерлерінен де жақсы нәтиже көрсетті, – дейді қысқы спорт түрлерінен Олимпиадалық даярлау орталығының жастар құрамасының аға жаттықтырушысы Максим Щербаков.
Алда Азия Кубогының екі кезеңі күтіп тұр: Оңтүстік Корея мен Қазақстанда, Щучинск қаласында.
Қарағанды облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметінің ақпараты бойынша