Қарағандыда ментальді ауытқулары бар балаларға арналған арнайы мектеп ашылады

Қарағандыда ментальді ауытқулары бар балаларға арналған арнайы мектеп ашылады

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев мүмкіндігі шектеулі және ақыл-есі бұзылған балалардың ата-аналарымен кезекті онлайн кездесу өткізді. Тұрақты ашық диалог бар проблемаларды ашық айтып, оларды шешу жолдарын бірлесіп табуға мүмкіндік береді. Күн тәртібінде – білім алудың, медициналық көмектің, мәдени демалыс пен спорттың, жұмысқа орналасудың қолжетімділігі.

Алдыңғы тапсырмалардың орындалуы туралы облыстық басқармалардың басшылары, қалалар мен аудандардың әкімдері есеп берді.

Ақыл-есі бұзылған балаларға арналған арнайы мектеп ашу мәселесі шешілді.

– Дайындық жұмыстары жүргізілуде: кадрларды іріктеу, ата-аналармен байланыс, сыныптарды жинақтау жүргізілуде, – деп хабарлады білім басқармасы басшысының орынбасары Мейіржан Сыздықов. – Келер жылы Қарағанды қаласы білім бөлімінің № 4 мектеп-интернаты базасында мемлекеттік және орыс тілдерінде ақыл-ойы бұзылған балаларға арналған төрт сынып ашылады: екі нөлдік және екі бірінші сыныптар.

Сонымен қатар Telegram арнасы жұмыс істейді, онда инклюзивті және арнайы білім туралы ақпарат алуға болады.

Колледждерде ерекше білім беру қажеттіліктері бар студенттер үшін жағдай жасалуда. Биыл бұл санатқа жататын 117 түлек бар. Оларға жұмыс табуға көмектесуде.

Биыл Жоғары гуманитарлық колледж базасында ерекше балаларға арналған жазғы лагерь құрылды. Ол өзінің тиімділігін көрсетті. Ата-аналар мұндай лагерьлердің көбірек болуын сұрайды.

Теміртауда ата-аналардың өтініші бойынша аутизмге шалдыққан балаларға қолдау көрсету орталығын ашу жоспарланған. Жөндеуді қажет ететін үй-жай табылды.

Ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арналған шығармашылық үйірмелер мен спорт секцияларын дамыту бойынша да жұмыстар жүргізілуде. Мысалы, Қарағанды, Шахтинск және Балқаш қалаларында балалар мен жасөспірімдер дойбы, шахмат, дартс, тоғызқұмалақ, бес асық және асық ату ойнай алатын секциялар ашылады.

Биыл Қарағандыда аутизм және психикалық бұзылулары бар балаларға және 18 жастан асқан балаларға арналған екі күндізгі орталық ашу көзделіп отыр.

Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі жастарды әлеуметтік бейімдеуге бағытталған жоба әзірленді. Оған ата-аналармен жұмыс, жаттықтырушылар даярлау кіреді.

Кездесуде ата-аналар қолжетімді орта, денсаулық сақтау, иппотерапияны дамыту, бейімделген жүзу, инклюзивті хореографияға қатысты мәселелерді көтерді. «Үміт» оңалту орталығының жабдықтарын жаңарту қажеттігі туралы қоғам қайраткері Нияз Сүндіталиев айтып өтті.

Сондай-ақ, мүгедек баланы бір ғана ата-ана тәрбиелеп отырған жағдайға қатысты мәселе көтерілді – ата-ана ауырған жағдайда баланы ешкімге қалдыра алмайды. Осындай жағдайда көмек сұрауға қандай да бір орталық, пансионат керек.

Ермағанбет Бөлекпаев мәселенің маңызды, өте өзекті екендігімен келісті. Ықтимал нұсқаларды қарауды тапсырды.

Аймақ басшысы қамқорлығы үшін ата-аналарға алғыс айтты. Ол қала және аудан әкімдерін ерекше балалардың ата-аналарымен тұрақты байланыста болуға шақырды.

– Барлық сұрақтар орынды. Әрине, олардың арасында ақша мен уақытты, белгілі бір есептеулерді және ең бастысы – мүмкіндіктерді талап ететіндер бар. Бәрін мұқият пысықтаймыз, әрбір сұраққа жеке қарастырамыз. Сондай-ақ үнемі кездесіп, барлық мәселелерді бірлесіп шешетін боламыз, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.