Абай Құнанбаевтың 180 жылдығына орай Қарағанды облысында «Абай оқулары» онлайн байқауы ұйымдастырылды. Оған титулды ұлттан бөлек, 14–29 жас аралығындағы түрлі ұлт өкілдері қатыса алады.
Байқау онлайн форматта өтіп, екі кезеңнен тұрады. Біріншісінде қатысушылар Абай Құнанбаевтың үш өлеңін оқитын бейнебаян (4 минутқа дейін) жазады. Екіншісінде – «Қара сөздердің» бірін оқиды және оның мағынасын қысқаша көрсетеді. Бейненің сапалы, сөздің анық болуы маңызды. Жасанды интеллектті пайдалануға қатаң тыйым салынады.
Өтінімдер мен бейнероликтер 25 шілдеге дейін fariza.yermek@inbox.ru электрондық поштасына қабылданады.
Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі 10 тамызда Абай қаласында өтеді.
Қатысушыларды қазылар алқасы бірнеше критерий бойынша бағалайды: сауаттылық, мәтінді түсіну, мәнерлілік, орындау мәдениеті және сыртқы келбеті, соның ішінде қазақ ұлттық костюмін пайдалану.
Байқаудың мақсаты – түрлі этнос өкілдері арасында қазақ тіліне, әдебиеті мен мәдениетіне қызығушылықты қолдау, Абай шығармашылығы арқылы қазақ тілінің көркемдік ерекшелігін, оның бай сөздік қорын насихаттау, сондай-ақ ұлтаралық келісімді нығайту.
Байқауды Абай ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ұйымдастырды
Жүлде қоры:
* Гран-при – 200 000 теңге;
* І орын – 150 000 теңге;
* II орын (2 қатысушы) – 100 000 теңгеден;
* III орын (3 қатысушы) – 50 000 теңгеден.