Қарағандыда қоғамдық көлікті жаңарту жалғасуда

Қарағандыда қоғамдық көлікті жаңарту жалғасуда

Соңғы үш жылда Қарағандыда автобустар саны бір жарым есеге артты, қозғалыс тұрақтылығы жақсарды, жаңа бағыттар бұрын автобус қатынасы болмаған аудандарды байланыстырды. Облыс орталығында қоғамдық көлікті жаңғырту жалғасуда.

– ONAY! жүйесінің арқасында біз жолаушылар ағынының толық көрінісін алып, түсім жоспарын алып тастадық. Бұл кондукторлардан бас тартуға мүмкіндік берді. Жүргізушілер енді кесте бойынша жұмыс істейді, өзара жарыспайды. 18 жасқа дейінгі балалар үшін жол жүру тегін, – дейді Қарағанды қаласының ТКШ бөлімінің жолаушылар көлігі секторының меңгерушісі Темірлан Талдыбаев.

ONAY! деректерінің негізінде жолаушылар ағыны бойынша мемлекеттік субсидиялар да неғұрлым ұтымды бөлінеді. Олар тасымалдаушылар шығындарының бір бөлігін жабады және автопарктерді жаңартуға мүмкіндік береді.

Ең көп тасымал көлемі №3 автобус паркінде, мұнда қалаға және қала маңына қызмет көрсететін 448 автобус бар. Мыңнан астам адам жұмыс істейді, олардың 600-ден астамы жүргізушілер. 2023 жылы парк 146 жаңа автобуспен толықты, биыл тағы да 70 автобус жеткізіледі деп күтілуде.

– Біз жүйелі дамып келеміз: жылжымалы құрамды жаңартып, қызметкерлерге жағдай жасаймыз, – дейді кәсіпорын директоры Артур Григорян. 

– Биыл автожуу және қазандық жаңғыртылды, қызметкерлерге арналған спорттық-сауықтыру кешен салынды. 

Сондай-ақ, жүргізушілердің артық жұмыс істемеуі үшін кестені қайта қараймыз: бағыттардағы қауіпсіздік осыған байланысты.

Таксокомбинат-1 қала маңындағы бір бағытты қоса алғанда, жеті бағытқа қызмет көрсетеді. 115 автобустың 64-і жаңа – отандық QazTehna. Автопарк жөндеу базасын дамытып, аумақты абаттандыруда.

– Бұрын бізде жеңіл көлік паркі болатын, енді үлкен автобустарға қызмет көрсету керек, – дейді директор Алексей Пен. – Бокстарды кеңейтеміз, автокөлік жууды жаңартамыз, жөндеу аймағын жаңғыртамыз. Алдағы уақытта №28 және 31 бағыттарды күшейту және ескілерін ауыстыру үшін 20-ға жуық жаңа автобус сатып алу жоспарланған.

Қарағандыда техника ғана емес, инфрақұрылым да жаңартылуда. Қалада 73 аялдама жаңғыртылып, жаңалары абаттандырылуда.

Маршруттық желі кеңейіп келеді: соңғы жылдары алты бағыт іске қосылды және жаңартылды, қала тұрғындарының өтініштеріне жауап ретінде қозғалыс сызбасы түзетілуде. Осылайша, №012 маршрут енді Пришахтинскіні Михайловкамен байланыстырады, ал 66-шы маршрут Майқұдықтың жоғарғы шағын аудандарының тұрғындарына қауырт уақытта жүруге көмектеседі. Жоспарда жаңа бағыт – Пришахтинск – Майқұдық – Оңтүстік-Шығыс.