Қазақстанда заңсыз шығарылған активтерді қайтару жұмыстары жалғасуда. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша қаражат бүкіл ел бойынша әлеуметтік маңызы бар инфрақұрылымға бағытталады.
Қарағанды облысында ауылдық денсаулық сақтау мен ТКШ саласын жаңғыртуға баса назар аударылады.
Өңірдің жеті ауданында қайтарылған активтерге 51 нысанның құрылысы жүріп жатыр – бұл жаңа дәрігерлік амбулаториялар, фельдшерлік-акушерлік және медициналық пункттер. Бұл ауыл тұрғындарына медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттырады. Аудандық немесе облыстық орталықтарға дәрігерлердің қабылдауына барудың қажеті жоқ.
Барлық қайтарылған активтер келіп түсетін арнайы мемлекеттік қордан облыста медициналық нысандарды аяқтауға 5,9 млрд теңге бөлінді.
Сондай-ақ, облыста арнайы мемлекеттік қор қаражатына ТКШ саласында 11 жоба – су құбыры мен су құбыры желілерінің құрылысы іске асырылуда.
Оларды биыл аяқтау жоспарланған.