Қарағанды облысында өңір басшысы мен жергілікті әкімдердің гранттары жастар кәсіпкерлігін дамытуға көмектесуде. Қолдау стартаптарды іске асыруға да, жұмыс істеп тұрған бизнесті кеңейтуге де жұмсалады.
Өткен жылы Осакаров ауданында 10 жас кәсіпкер грант алды. Олар сүт өнімдерін өндіруден бастап қоқыс шығаруды ұйымдастыруға дейінгі түрлі бағыттардағы жобаларды іске асырады. Гранттық қаражатқа ауылдық жерлерде ателье, сұлулық салондары, батут орталықтары және т. б. ашылады.
Биыл маусым айында Осакаров ауданы әкімінің грантына өтінімдер қабылдау басталды. Байқауға 18–35 жас аралығындағы жастар қатысады.
Өткен жылғы байқау жеңімпаздарының бірі – Есіл ауылының тұрғыны Влада Крюковская. Күйеуімен бірге құс өсірумен айналысқан.
– Гранттар – әсіресе ауыл үшін үлкен қолдау. Егер идея болса, оны жүзеге асыруға болады, – дейді бизнесвумен. – Менің өтінішім мақұлданды, жобаны жүзеге асыруға миллион теңге алдым. Бұл ақшаға 1500 жұмыртқаға арналған инкубатор сатып алдым. Сәуір айында балапандар шығып, бірден сатылып кетті. Ісім сәтті жүзеге асты.
Кәсіпкердің айтуынша, сұраныс бар, тірі балапандарға да, бройлер етіне де үнемі тапсырыс беріліп тұрады. Алдағы уақытта өндірісті кеңейтуді жоспарлап отыр.
Трудовое ауылының тұрғыны Фариза Өміржанқызы – гранттың істеп тұрған бизнесті дамытуға қалай көмектесетінінің мысалы. Ол білімі бойынша педагог, бірнеше жыл бұрын оқушыларға көрнекі әдістемелік құралдар жасай бастады. Бәрі қазақ тілі сабақтарына арналған қарапайым карточкалардан басталды. Ал қазір ауылдық шеберханаға Қазақстанның түкпір-түкпірінен мектептер мен балабақшалар стендтер мен дамыту материалдарын алуға тапсырыс береді.
– Грант алып, фрезерлік станок сатып алып, жаңа деңгейге көтерілдім. Бұрын бәрін қолмен жасайтынмын – енді үлкен көлемде және көп мөлшерде стендтер мен конструкциялар жасаймыз. Бізде қазірдің өзінде толықтай сыныптарды ресімдеуге тапсырыс беріліп жатыр, – деді Фариза Өміржанқызы.
Жас кәсіпкер әлеуметтік бағдарламаларға да қатысады. Оның шеберханасында «Күміс ғасыр» бағдарламасы бойынша жұмысқа орналасқан қызметкерлер жұмыс істейді. Қазір ол «Алтын жас» жобасына қатысуға үміткер іздеуде.