Қарағанды хайуанаттар бағының жануарлар топтамасы толықты. Мұнда үш жас бизон пайда болды - Марс, Венера және Майя. Оларды Ақмола облысындағы фермадан сатып алды. Онда Канададан әкелінген бизондар 2024 жылы төлдеген.
Қарағандыға жануарлар қауіпсіздік пен жайлылықты қамтамасыз ететін арнайы көлікпен жеткізілді. Хайуанаттар бағында жаңа тұрғындар үшін кең вольер мен ауа райы қолайсыз болғанда жануарлар паналайтын үйшік дайындалды.
- Бизондар қолға үйренген, адамдардан қорықпайды. Біздің қызметкерлер олардың торына кіріп тамақтандырады, жинайды. Жануарларға біздің диетамызға бейімделуге тура келді: біз оларды сәбізбен, қызылшамен, бидаймен азықтандырамыз, ал оларды өсірген фермада оларға тек шөп берген, - дейді Қарағанды хайуанаттар бағының директоры Гүлнар Адамбекова.
Ол сондай-ақ алдағы уақытта Беловеж орманынан зубр әкелуді жоспарлап отырғанын хабарлады.