Ермағанбет Бөлекпаев депутаттар алдында өңірдің дамуы туралы есеп берді

Ермағанбет Бөлекпаев депутаттар алдында өңірдің дамуы туралы есеп берді

Қарағанды облысында 2024 жылы экономика 9,2 трлн теңге көлемімен 11,3% -ға өсті. 1,4 трлн теңге инвестиция тартылып, 13 жаңа өндіріс ашылды, 2600 жаңа жұмыс орны пайда болды.

Облыстық мәслихаттың XXVII сессиясында депутаттар өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаевтың облыстың өткен жылғы даму жоспарын жүзеге асыру туралы есебін қабылдады.

Өңдеу өнеркәсібі, ТКШ, тұрғын үй құрылысы, сауда және т.б. салаларда оң динамика байқалды. Облыста халықтың орташа өмір сүру ұзақтығы ұлғайып, жұмыссыздық азайды.

-  Халықтың өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі жұмыс басым бағыт болып табылады. Қалалар мен ауылдарда өңірлік стандарттар жүйесіне сәйкес әлеуметтік игіліктермен және қызметтермен қамтамасыз ету жөніндегі жоспар орындалды, - деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.

Жұмыс жалғасуда. Жалпы сомасы 167 млрд теңгеге 37 инвестициялық жоба іске асырылып, 2,5 мыңнан астам жұмыс орны құрылады. АӨК-де 46 млрд теңгеге 33 жобадан құралған үлкен пул қалыптасты.

Депутаттар сондай-ақ 2024 жылға арналған облыстық бюджеттің атқарылуын бекітті.

Бұдан басқа, сессияда әлеуметтік-мәдени нысандар жұмысының тиімділігін жақсарту сияқты маңызды мәселе қаралды. Депутаттар барлық қалалар мен аудандарды аралап, осы салаға жан-жақты талдау жасады. Мәселенің мән-жайын саралап, шешу жолдарын ұсынды.

Сондай-ақ, дәрі-дәрмектерге, медицина және фармацевтика қызметкерлерін әлеуметтік қолдауға қатысты шешімдер шығарылды.