Заң мен тәртіп: Қарағанды облысында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту шаралары талқыланды

Заң мен тәртіп: Қарағанды облысында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту шаралары талқыланды

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте бастысы -  алдын алу шаралары, заңды бұзуға төзбеушілікті тәрбиелеу. Бұл туралы Қарағандыдағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің көшпелі отырысында айтылды. Кеңес ел Президенті жариялаған «Заң мен тәртіп» апталығы аясында өтті.

Оған Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағали, қоғамдық кеңестің төрағасы Марат Бәшімов, сондай-ақ құқық қорғау және жергілікті атқарушы органдардың, жұртшылық өкілдері қатысты.

Талқылау тақырыбы - студент жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы құндылықтарды қалыптастыру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы еріктілікті дамыту, Сыбайлас жемқорлық тәуекелдері картасы бойынша жұмыс.

-  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алқа мәжілісінде қазіргі заманғы сын-қатерлер сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатқа жаңа тәсілдерді талап ететінін, ал сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес құқық қорғау жүйесінің міндеті ғана емес, бүкіл қоғамның жауапкершілігі болуы тиіс екенін атап өтті. Бүгінде ақпараттық технологиялар мен цифрландыру процестері шешім қабылдауда адами фактордың әсерін барынша азайтуға және сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алуға мүмкіндік береді, - деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев. - Алайда техникалық шешімдер жеткіліксіз. Азаматтық жауапкершілік пен құқықтық мәдениетті дамытпайынша басқарудың ашықтығы мүмкін емес. Мемлекеттің, бизнестің және азаматтық сектордың күш-жігерін біріктіру табыстың негізгі шарты болып табылады.

Асхат Жұмағали Қарағанды облысында цифрлық теңгені пайдалану жөніндегі маңызды жобалардың бірі іске асырылып жатқанын айтты. Оны масштабтау бюджет қаражатын ұрлау тәуекелін барынша азайтуға мүмкіндік береді.

-  Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ретінде біздің негізгі міндетіміз - сыбайлас жемқорлықтың алғышарттарын жою, мемлекеттік аппарат саласындағы парасаттылық қағидаттарын ілгерілету. Оның зардаптарымен күресу үшін түпкі себебін жойып, жемқорлық тәуекелдеріне жол бермеу керек, - деді Асхат Жұмағали. - Өңірде денсаулық сақтау, жер қатынастары, құрылыс салаларымен байланысты проблемалық мәселелер қалып отыр. Қабылданған шаралармен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін айтарлықтай қысқартамыз деп ойлаймын.

Кеңесте жастармен жұмыс істеудің маңыздылығы туралы да айтылды. Облыста 30 мыңға жуық студент бар - бұл сыбайлас жемқорлыққа қарсы еріктілікті дамыту үшін үлкен әлеует.

-  Біз сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы айтқанда, бақылау, тергеу, қадағалау туралы жиі ойлаймыз. Бірақ, шын мәнінде, тереңірек қарасақ, сыбайлас жемқорлық - бұл қоғамның ішкі қалыптасуы. Сондықтан да жастарда сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұстанымдарды қалыптастыру - бұл тәрбиелік міндет емес, бұл мемлекеттің этикалық инфрақұрылымына инвестиция салу. Кодекске жазуға болмайтын шекті белгілер - бұл ар-ождан мен мәдениет деңгейінде, - деп атап өтті қоғамдық кеңес мүшесі, Абай атындағы ҚазҰПУ «Сорбонна-Қазақстан» институтының директоры Айнұр Сәбитова.

Жер қатынастары, құрылыс, коммуналдық шаруашылық, білім беру және денсаулық сақтау сияқты түрлі салалардағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге назар аударылды. Өзекті шаралардың қатарында - бизнес үшін әкімшілік кедергілерге жол бермеу, бюджет шығыстарының ашықтығы және мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуын бақылауды күшейту бар.

- Барлық деңгейде сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік өрістемейінше, біз қоғамда шынайы өзгерістерге қол жеткізе алмаймыз. Сондықтан да біз жастар арасында құндылықтарды қалыптастыруға ерекше көңіл бөлеміз. Бұл бағыттағы жұмыс "Заң мен тәртіп" және "Адал азамат" қағидаттарына негізделуі тиіс, онда әрбір азамат өзгерістердің белсенді қатысушысы болып табылады, - деп атап өтті Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің төрағасы Асхат Жұмағали.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаментінің басшысы Сергей Перов сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің бірінші жартыжылдықтағы жұмысының нәтижелері туралы баяндады.

Отырысқа қатысушылар Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде болып, түлектерге диплом тапсыру рәсіміне қатысты.