Қарағандылық университеттер QS жаһандық рейтингісінде позицияларын күшейтті

Қарағандылық университеттер QS жаһандық рейтингісінде позицияларын күшейтті

QS World University Rankings 2026 әлемнің үздік университеттерінің жаңартылған рейтингіне 20 қазақстандық жоғары оқу орны енді. Олардың қатарында академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті мен Ә.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті бар. Бұл ретте екі ЖОО да өз позицияларын күшейтті.

Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті бірден сегіз индикатор бойынша нәтижелерін жақсартты.

- «Оқытушылардың студенттер санына арақатынасы» өлшемі бойынша университет 60 балл жинады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 78 позицияға көтеріліп, әлемде 301-орынды иеленуге мүмкіндік берді. Бұл бүкіл ұжымның үйлесімді жұмысының нәтижесі және QS Stars аудитінде төрт жұлдызбен расталған жоғары стандарттардың көрінісі, - дейді ЖОО сапаны қамтамасыз ету басқармасының басшысы Гүлжан Ташмағанбетова.

Ә.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті көптеген критерийлер бойынша тұрақты өсім көрсетіп отыр.

-  Біздің ЖОО рейтинг үшін жаңа индикатор - «Халықаралық студенттердің әртүрлілігі» бойынша 26,4 балл алды. Бұл университеттің шетелдік студенттер үшін тартымдылығының артуын және интернационалдандыру процестерінің дамуын білдіреді. «Оқытушылар мен студенттер санының арақатынасы» көрсеткіші бойынша біз әлемде 102-орында тұрмыз. Беделді халықаралық рейтингке қатысу біздің университеттің жаһандық академиялық кеңістікке тұрақты қатысуын растайды, - деп атап өтті университет ректоры Сәуле Сағынтаева.

QS WUR 2026 рейтингінде 106 елден 8467 университет қаралды. Қорытынды тізімге 1501 ЖОО кірді. Азия елдері арасында Қазақстан жаһандық рейтингте жоғары оқу орындарының саны бойынша 10-орынды иеленді.