Қарағанды облысында «Қауіпсіз терезе» алдын алу акциясы өтті. Оған құтқарушылардан бөлек балалармен жұмыс істейтін мекемелер де тартылды. Құрылыс салушылармен және терезе өндірушілермен кездесу өтті. Басты мақсат - балаларды қорғау, қайғылы оқиғалардың алдын алу. Ұйымдастырушылар ата-аналарды қауіпсіздік техникасы ережелерін сақтауға, өз үйлерін қорғауға және балаларын қадағалауға шақырады.
Балалар қызық көріп, ашық терезеге ұмтылатыны сөзсіз. Өкінішке қарай, облыста төтенше оқиғалар орын алып, өлім-жітіммен аяқталған кездер де бар.
Бала білместіктен сүйенетін москит торы үлкен қауіп төндіреді. Бұл ретте бұғаттағыштарды пайдалану маңызды, деп еске салады өңірдің ТЖД мамандары. Сондай-ақ ашық балкондардың жанында балалардың ойынауына тыйым салып, барынша қорғау қажет. Терезенің жанына бала өрмелеп шығып, баспалдақ ретінде қолданатын жиһаз заттарын қоюға болмайды. Бүлдіршіндерге терезенің қалай ашылатынын көрсетудің қажеті жоқ.
- Құрылыс салушылармен және терезе өндірушілермен кездесулер өткіздік. Құрылыс салушылар тарапынан бұғаттағыштарды бұрын тапсырылған нысандарға орнату керектігі туралы айтқанымызда, олар келісті. Сондай-ақ, әлеуметтік осал отбасылардың пәтерлерінде 187 терезе блокираторы орнатылған. Мұндай құрылғылар арзан және барлық жерде сатылады. Оларды орнату - қайғылы оқиғаны болдырмаудың ең тиімді тәсілдерінің бірі, - деді облыс ТЖД бастығының орынбасары Думан Далешов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Білім басқармасы басшысының орынбасарының міндетін атқарушы Алма Қаңтарбаеваның айтуынша, ата-аналармен профилактикалық әңгімелесулер тұрақты түрде өткізіледі. Педагогтар тұрмыстағы ықтимал қауіптер мен қауіпсіздік ережелері туралы айтады.
Акция барысында ТЖД қызметкерлері білім бөлімінің өкілдерімен бірлесіп «Терезе - ойыншық емес!» атты интерактивті сабақтар өткізді. Балаларға терезенің қауіптілігі туралы бейнеролик көрсетіліп, қауіпсіздік ережелері ойын түрінде түсіндірілді. Ата-аналар мен тәрбиешілерге жадынамалар таратылып, мамандар терезе блокираторларының тұсаукесерін өткізді.
Медициналық мекемелерде QR-кодтары бар ақпараттық тақтайшалар орналастырылды.