Қарағанды облысының медицина қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады

Қарағанды облысының медицина қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады

Кеншілер мәдениет сарайында кәсіби мереке қарсаңында Қарағанды облысы әкімінің сыйлығы лауреаттарының есімдері жарияланды. 

Марапатталғандардың қатарында дәрігерлер, медбикелер және саланың басқа да мамандары бар.

– Бүгін біз денсаулық сақтау саласында еңбек ететіндердің барлығына шынайы ризашылығымызды білдіреміз. Ел Президенті өз сөзінде: «Мықты ұлт – бұл ең алдымен дені сау ұлт», – деп атап өтті. Бұл сөздер денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік саясатқа бағдар болды, – дейді Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев. – Бүгінде мемлекеттің міндеті тек қолайлы жағдай жасау ғана емес, сонымен қатар қауіпсіздік пен құқық мәселелерінде дәрігерлерді қолдау. Сіздерге облыстың барлық тұрғындарының атынан ерен еңбектеріңіз бен іске деген адалдықтарыңыз үшін алғыс айтамын. Сіздердің өмірлеріңіз қуанышқа, бақыт пен игілікке толы болсын!

Өңір басшысы сондай-ақ облыстың денсаулық сақтау саласында оң өзгерістер болып жатқанын атап өтті. 

Екі жыл ішінде 26 жаңа медициналық мекеме салынды, тағы 66-сы салынып жатыр. 

Теміртау мен Балқашта ауруханалар жөнделді, Қарағандыда жаңа химиотерапиялық корпус ашылды. Перинаталдық орталық пен университет клиникасын салу жоспарлануда.

Қазіргі заманғы технологиялар дамуда. Х. Ж. Мақажанов атындағы ауруханада Remebot жүйесін қолдана отырып, бірегей нейрохирургиялық операциялар жасалды. Қазақстанда алғаш рет Паркинсон ауруымен ауыратын пациентке терең стимулятор қондырылды.

Денсаулық сақтау саласын дамыту мемлекеттік секторда да, жекеменшік секторда да жүруде: мемлекеттік тапсырысты орындайтын медициналық ұйымдардың 62%-ы – жекеменшік. Олар технологияларға, оқытуға және инфрақұрылымға белсенді инвестиция салуда.

Облыста дәрігерлердің жағдайын жақсарту үшін де жұмыстар жасалуда: 200 маман қызметтік тұрғын үй алды, «Жаңа қала» шағын ауданында медициналық қызметкерлер үшін 400 пәтер салу жоспарланған.

«Дипломмен ауылға!» бағдарламасы бойынша өткен жылы ауылға 106 жас дәрігер келді. Олардың барлығы көтерме ақыға ие болды, сондай-ақ олардың 40-ы тұрғын үйге бюджеттік несие рәсімдеді.

Облыс әкімінің сыйлығы он номинация бойынша берілді.

Абай қаласының дәрігері Роза Армиянова «Кәсіпке адалдығы үшін» арнайы марапатының иегері атанды.

– Мен 47 жыл бойы денсаулық сақтау саласында жұмыс істеп келемін. Еңбек жолымды Теміртаудағы жедел жәрдем станциясында бастадым, бірақ көп жылдан бері Абай қаласында дәрігер-зертханашы болып еңбек етемін. Өз мамандығымды өте жақсы көремін. Менің еңбегімді бағалағанына ризамын. Бүгінгі марапат – бірге жұмыс істеген және қазір жұмыс істеп жатқан барлық адамдардың еңбегі, – дейді Роза Армиянова. – Барлық медицина қызметкерлерін мерекемен құттықтаймын, оларға денсаулық, кәсіби жетістіктер және игі ісімізде шыдамдылық тілеймін!

Әділет Әубәкір үздік жас маман деп танылды. Осымен төртінші жыл қатарынан облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының бригадасында еңбек етіп келеді.

– Бүгін мен үшін өте жауапты күн. Әрине, әлеуеті зор жас мамандар көп, бірақ мені атап өткені қуантты. Сол үшін алғысымды айтамын. Мен таңдаған кәсібімде ең жоғары жетістіктерге жетуге тырысамын, – деп бөлісті жас маман Әділет Әубәкір.

2025 жылы Қарағанды облысы әкімінің сыйлығының лауреаттары:

- «Үздік орта медицина қызметкері» – профессор Х. Ж. Мақажанов атындағы көп бейінді аурухананың операциялық мейірбикесі Лизат Қапашева;

- «Үздік жас дәрігер» – Әділет Әубәкір, Қарағанды облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының № 5 қосалқы станциясының дәрігері;

- «Үздік акушер-гинеколог» – Сәуле Аманжолова, Теміртау қаласындағы көп бейінді аурухананың ана мен баланы қорғау бөлімінің басшысы;

- «Үздік жалпы практика дәрігері» – Қарағанды қаласындағы № 3 емхана бөлімінің меңгерушісі Айжан Иманова;

- «Үздік ауыл дәрігері» – Шет аудандық ауруханасының онколог-дәрігері Фарида Рахымжанова;

- «Үздік хирург» – № 1 Қарағанды қаласындағы көп бейінді аурухананың біріктірілген жарақат бөлімінің меңгерушісі Ғалымбек Сайлауұлы;

- «Денсаулық сақтауды үздік ұйымдастырушы» – Арғын Бидайбаев, көпсалалы облыстық балалар ауруханасының директоры;

- «Үздік бизнес-жоба» – «КДЛ ОЛИМП Караганда» ЖШС;

- «Мамандығына адалдығы үшін» – Роза Армиянова, Абай қаласы ауруханасының дәрігер-зертханашысы;

- «Фармацевтикалық қызметтің үздік маманы» – Қарағанды облысы бойынша Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті департаментінің фармацевтикалық қызметті бақылау бөлімінің басшысы Дарья Росовская.

Марапаттау рәсімі жергілікті және қазақстандық орындаушылардың музыкалық нөмірлерімен жалғасты.

Қазақстанда медицина қызметкерлерінің күні жыл сайын маусымның үшінші жексенбісінде атап өтіледі.

Қарағанды облысы әкімінің денсаулық сақтау қызметкерлеріне сыйлығы 2006 жылы тағайындалған.