Қарағанды облысына Солтүстік Каспий жобасының операторы – «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В». (NCOC) компаниясының басқарушы директоры Джанкарло Рую бастаған делегация келді.
Сапар қорытындысы бойынша облыс әкімдігімен меморандумға қол қойылды, оның мақсаты – жергілікті тауар өндірушілерді қолдау.
Өңірлік кәсіпкерлер палатасының алаңында өңірлік тауар өндірушілердің өнімдерінің көрмесі ұйымдастырылды.
Одан кейін облыс өнеркәсіпшілерінің, ҚР Парламенті Мәжілісі Экология және табиғатты пайдалану комитетінің төрағасы Еділ Жанбыршиннің, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Арман Қалықовтың, Энергетика министрлігінің, «PSA» ЖШС өкілетті органының және Мұнай-газ машина жасауды дамытудың халықаралық орталығының өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел өтті.
– Бүгінгі кездесу NCOC компаниясы мен біздің облыстың бизнес-қоғамдастығы арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға және дамытуға бағытталған. Өзара тиімді серіктестік үшін жаңа көкжиектер аша алатынымызға сенімдімін, бұл біздің кәсіпорындарға және бүкіл өңірге пайда әкеледі. Бұл жұмыс Мемлекет басшысының отандық тауар өндірушілерді қолдау жөніндегі тапсырмасы аясында жүргізілуде, – деп атап өтті облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев. – Өткен жылдың қорытындысы бойынша облыстың өнеркәсіп өндірісінің көлемі 4 трлн теңгеден асты – бұл ел өңірлері арасындағы екінші нәтиже. Бай минералдық-шикізат базасының, тиімді географиялық позицияның, дамыған логистикалық инфрақұрылымның және жоғары білікті кадрлық әлеуеттің арқасында біз әлемнің түкпір-түкпірінен инвесторларды тартудамыз. 2024 жылы өңірге салынған инвестиция көлемі 1,4 трлн теңгеден асты.
Джанкарло Рую өңірге сапардың стратегиялық мақсаты – жергілікті қамтуды ұлғайтуға ұмтылу екенін атап өтті.
– Қарағанды облысы орасан зор өнеркәсіптік әлеуетке ие және біз халықаралық техникалық стандарттар мен сертификаттарға сәйкес келетін жаңа серіктестерді іздестіреміз, – деді NCOC басқарушы директоры.
Халықаралық мұнай-газ машина жасауды дамыту орталығының қызметі туралы бас директор Дастан Әбішев айтып берді. Оның айтуынша, қызметкерлер көптеген тауар позицияларын талдап, операторлар арасында сұранысқа ие тауарлар тізімін жасады. Алдын ала 300-ге жуық қазақстандық кәсіпорын, оның ішінде 21-і Қарағанды облысында болды.
Дөңгелек үстелде қарағандылық тауар өндірушілер компания басшылығына өз ұсыныстарын тікелей айта алды. Бұдан басқа, NCOC жергілікті қамтуды, келісімшарттар мен сатып алуларды дамыту бөлімінің қызметкерлерімен әңгімелесу және Солтүстік Каспий жобасы операторының қызметі туралы көбірек білу мүмкіндігі болды.
Меморандум тараптардың қазақстандық қамтудың өсуін ынталандыруға дайындығын бекітті.
Делегация сондай-ақ облыстың бірқатар кәсіпорындарында болып, өндіріспен танысты.
Суретті түсірген: Жангелді Әбдіғалым