Хакатонға қатысушылардың идеяны ойлап тауып, нақты міндетке арналған цифрлық шешімдердің жұмыс прототипін жасау үшін бар болғаны 56 сағат уақыт бар. 20–22 маусым аралығында Қарағандыда HackCor Hackathon өтеді. Онда қатысушыларға тек код жазу ғана емес, қоғамдық маңызды міндет – сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес үшін шешімдер құру ұсынылады. Ұйымдастырушы – Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қолдауымен «Террикон алқабы» ІТ-хабы.
Қатысушылардың алдында екі нақты кейс ұсынылады: күдікті мемлекеттік сатып алуларды анықтауға арналған жасанды интеллект модулі және еріктілерге арналған мобильді қосымша.
Бұл кейстер шынайы өмірден алынған, ал үздік шешімдер болашақта мемлекеттік немесе корпоративтік жүйелерде қолданылуы мүмкін.
Жүлде қоры – 1 000 000 теңге. Жеңімпаздар әр кейсте 300 000 теңге, екінші орын алған командалар 200 000 теңгеден алады.
HackCor Hackathon офлайн және онлайн форматында өтеді, сондықтан Қарағандыда да, Қазақстанның кез келген жерінен де қатысуға болады.
– Біз жарыс рухынан бұрын, қатысушылардың нақты мәселелермен жұмыс істеп, дағдыларын дамытуына басымдық береміз. Бұл IT саласындағы алғашқы қадам немесе өз өнімін жасауға қарай бастама бола алатын тәжірибе, – деп мәлімдеді «Террикон алқабы» басқарушы серіктесі Диана Салехова.
Хакатонға қатысу тегін, команданы тіркеп, шарттар туралы толығырақ мына сілтеме арқылы білуге болады: terricon.kz/ru/hackathon.