Қарағанды облысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссияның отырысы өтті

Қарағанды облысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссияның отырысы өтті

Сыбайлас жемқорлықтың салдарымен емес, себептерімен күресу керек және оны бейресми түрде жасау қажет – бұл туралы Қарағанды облысының әкімдігінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі өңірлік комиссияның отырысында айтылды. Жиынға өңір әкімі Ермағанбет Бөлекпаев пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің басшысы Сергей Перов қатысты.

Сыбайлас жемқорлық көріністері туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаментінің алдын алу басқармасының басшысы Нұрмұхаммед Тәжіғұлов айтып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг нәтижелері бойынша ұсынымдардың формалды орындалу көрсеткіші 33,7% құрайтынын атап өтті.

– Әрбір басшы мәселені қарауға ресми түрде кіріспес бұрын өзінің және бағыныстағы қызметкерлерінің қауіпсіздігі туралы ойлауы тиіс. Егер ол сыбайлас жемқорлыққа апаратын алғышарттарды жойса, онда адами фактор алынып тасталады, – деп атап өтті Сергей Перов. – Ұсынымдарды формалды түрде қараудың 33%-ы жекелеген басшылардың мүдделі еместігін айғақтайды, сондықтан бұған назар аударып, міндеттерді орындауға барынша мұқият қарау қажет.

Департаменттің мәліметінше, өткен жылы және 2025 жылдың бірінші тоқсанында сарапшылар 99 сыбайлас жемқорлық тәуекелін анықтап, 104 ұсыныс берген.

– Біз сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру қағаз бетінде ғана емес, іс жүзінде болуын қолдаймыз. Бұл үшін біздің өңірде ресурстар да, саяси ерік-жігер де, белсенді азаматтар да бар, – деп атап өтті алдын алу басқармасы басшысының орынбасары Арслан Мыңғышев.

Облыс әкімі есептерді тыңдап, ұсыныстарды орындауда формальды тәсілді жоюды талап етті.

– Бүгін бізге жұмысқа деген көзқарасты өзгерту қажет. Сыбайлас жемқорлық ең өткір мәселелердің бірі болып қала береді. Кешенді тәсіл қажет. Біз алдын алу шараларына – тек зардаптармен күресуге ғана емес, себептерді жоюға назар аударуымыз керек. Және мұны қоғаммен бірге істеу керек. Тек осылайша ғана нақты нәтижелерге қол жеткізуге болады, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.