Отандық машина жасау тарихында тұңғыш рет автобустардың шанақ элементтері халықаралық сапа стандарттары бойынша сертификатталған қазақстандық металды пайдалана отырып шығарылатын болады. Qarmet металлургиялық комбинаты Саранда орналасқан QazTehna зауытында шанақ бөлшектерін жаңа штампылау өндірісі үшін 08КП маркалы мырышталған болат жеткізуге кірісті.
Бұл туралы Qarmet компаниясының баспасөз қызметі хабарлады.
QazTehna инвестициялық бағдарлама аясында Қазақстанда ауданы 10 000 шаршы метрден асатын алғашқы мамандандырылған штампылау корпусын құру жобасын іске асыруда. Өндіріс күрделі шанақ компоненттерін дайындауға арналған бірегей гидравликалық престермен жарақтандырылатын болады. Жобаның құны 20 млрд теңгеден асады, қаржыландыру Өнеркәсіпті дамыту қорының қолдауымен QazTehna-ның өз қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Пайдалануға беру 2025 жылдың тамызына жоспарланған.
Бірінші кезеңде Yutong қалалық, туристік және мектеп автобустары үшін, ал кейіннен HOWO коммерциялық техникасы үшін шанақ бөлшектерін шығару жоспарланған.
"Машина жасау сегментіне шығу – бұл Qarmet үшін стратегиялық маңызды қадам. Біз қазақстандық металлургия ірі инвестициялық жобаларды ескере отырып, отандық өндірісті қолдау және ел ішінде қосымша құн жасау жөніндегі барлық міндеттерді орындауға қабілетті екенін растаймыз", – деп түсінік берді Qarmet баспасөз қызметінде.