Қарағандылық теннисші Алан Құрманғалиев Өзбекстанда өткен халықаралық турнирде жеңіске жетті

Қарағандылық теннисші Алан Құрманғалиев Өзбекстанда өткен халықаралық турнирде жеңіске жетті

Қарағандылық жас теннисші Алан Құрманғалиев өз медальдар қоржынын толықтырды. Ол Өзбекстанда өткен WTT Youth Contender Tashkent 2025 халықаралық турнирінде алтын жеңіп алды.

Үстел теннисінен біріншілікте 16 елден келген 300-ге жуық ракетка шебері бақ сынасты. Оған 11–19 жас аралығындағы спортшылар қатысты.

Қазақстан құрамасы жеті медаль жеңіп алды: үш алтын, бір күміс және үш қола. 19 жасқа дейінгі жас санатында қарағандылық Алан Құрманғалиев жоғары сатыға көтерілді.

Алан Құрманғалиев жас болғанына қарамастан, еліміздегі үстел теннисінің элитасына кіреді. Ол халықаралық дәрежедегі шебер, ҚР ұлттық құрамасының мүшесі, халықаралық жарыстардың бірнеше мәрте жеңімпазы және жүлдегері.

Алан үстел теннисіне жеті жасында келіп, бірден жоғары қабілетін көрсете білді. Екі жылдан кейін миникадеттер арасындағы Қазақстан чемпионатын жеңіп алды. Қазақстандық үстел теннисі тарихындағы ең жас спорт шебері атанды. 2019 жылы ITTF халықаралық федерациясы Алан Құрманғалиевті әлемнің үздік миникадеті деп таныды. Ал 2022 жылы кадеттер арасында WTT (ITTF) рейтингінде бірінші орынға шықты.

Фото: ҚР үстел теннисі федерациясының сайтынан ttfrk.kz