Қарағанды облысында Еуроодақтың бірқатар елшіліктерінің өкілдері болып қайтты.
Дипломаттар аймақ жұртшылығымен бірге Спасск мемориалындағы ескерткіш белгілерге гүл шоқтарын қойып, саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алды. Одан кейін Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевпен кездесуде экономикалық және гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты дамыту мүмкіндіктері талқыланды.
Кездесу Ә. Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде өтті. Оның базасында «Картех» өңірлік инновациялық-индустриялық хабы қалыптастырылуда, онда заманауи технологияларды енгізу және қолданбалы ғылымды дамыту бойынша күш-жігер шоғырландырылады деп жоспарланған.
– Өңірде еуропалық компаниялардың қатысуымен жобалар табысты іске асырылуда – бұл «Бёмер» арматура өндірісі, «Изоплюс Орталық Азия» алдын ала оқшауланған құбырлар, «Линде Газ Қазақстан» техникалық газдары және «Соларнет» күн электр станциясы. Бұл мысалдар өзара мүдделердің бар екенін және мұндай ынтымақтастықтың тәжірибесі кеңейтілуі мүмкін екенін көрсетеді. Біз жаңа инвестициялардың тартылуына, технологиялық серіктестіктер және қолданбалы зерттеу жобаларының дамуына мүдделіміз, – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.
Өңірдің инвестициялық әлеуетін облыс әкімінің орынбасары Ермек Алпысов таныстырды. Ол облыстың артықшылықтары, қолайлы инвестициялық ахуал, көлік және логистикалық әлеует, адам ресурстары туралы айтып берді.
Қарағанды облысы – өзара тиімді іскерлік әріптестік үшін ашық үлкен мүмкіндіктер өңірі, деп атап өтті спикер. Қазіргі уақытта облыс өңдеу өнеркәсібі өнімдерін әлемнің 70 еліне экспорттайды. «Сарыарқа» АЭА-да Германия, Австрия, Қытай, Катар және Канададан 25 компания табысты жұмыс істейді. Дамудың жаңа ірі нүктесі – Саран индустриялық аймағы.
Қонақтар өз сөзінде табысты серіктестікке мысал келтіріп, ынтымақтастықтың жаңа көкжиектерін ашуға мүдделілік танытты. Мысалы, Scania швед бренді Қарағанды облысында көлік техникасы өндірісін іске қосты. Францияның жетекші компанияларының бірі суды тиімді пайдаланудың озық технологияларымен бөлісуге дайын және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Хорватия туризм саласындағы іскерлік байланыстарды дамытуға болады деп есептейді.
– Біз жалпы Қазақстанмен, атап айтқанда өңірмен ынтымақтастықтың зор әлеуетін көріп отырмыз. Бұл көлік және логистика, климаттың өзгеруімен күрес, жасыл энергетика сияқты салалар. Бұдан басқа, бұл адами ресурстар, цифрландыру, білім беру, – деп атап өтті Еуропалық Одақтың Қазақстандағы елшісі Алешка Симкич. – Осындай кездесулер барысында біз бизнес өкілдеріне жол ашамыз, мүмкін болатын әлеуеттер туралы айтамыз. Содан кейін компаниялардың өздері В2В форматында серіктестік қарым-қатынас үлгісін жасайды. Ал бизнес тарапынан үлкен қызығушылық бар.