Жеке куәлікті енді онлайн ресімдеуге болады

Жеке куәлікті енді онлайн ресімдеуге болады

Қазақстанда 28 мамырдан бастап онлайн-форматта «Қазақстан Республикасының азаматтарына паспорттар мен жеке куәліктер беру» мемлекеттік қызметін көрсету бойынша пилоттық жоба іске қосылды. Бастапқы кезеңде жарамдылық мерзімі өтіп кеткен (бірақ 10 күннен аспайтын) немесе жарамдылық мерзімі аяқталғанға дейін күнтізбелік 30 және одан аз күн қалған жеке куәлікті ғана айырбастауға болады. Басқа жағдайлардың барлығында Халыққа қызмет көрсету орталығына жүгіну қажет.

Пилоттық жобаны іске қосу туралы бірлескен бұйрыққа екі министрлік – ішкі істер және цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктері қол қойды.

«Қазақстан Республикасының азаматтарына паспорттар мен жеке куәліктер беру» мемлекеттік қызметін көрсету бойынша пилоттық жобаны онлайн-форматта іске қосылсын», – делінген құжатта.

Сондай-ақ, алгоритм бекітілді: мемлекеттік қызмет eGov электронды үкімет порталы және халықты құжаттандыруға арналған мобильді қосымшалар арқылы қолжетімді.

Жаңа жеке куәлікті алуға арналған онлайн-өтінім көрсетілетін мемлекеттік қызмет талаптарына сәйкес дербес толтырылады. Содан кейін тіркеу талоны қалыптастырылады және өтінім өтініш берушінің тұрғылықты жері бойынша көші-қон қызметі басқармасына жіберіледі. Қызметкерлер деректердің дұрыстығын, фотосуреттер мен қолтаңбалардың белгіленген талаптарға сәйкестігін тексереді. Егер өтінім дұрыс ресімделсе, оған ЭЦҚ-мен қол қойылады және құжатты дайындау үшін беріледі.

Қандай да бір сәйкессіздіктер анықталған жағдайда өтінім күшін жояды. Оны қайта беруге болады.

Дайын құжатты көші-қон қызметінің тіркеу пунктінен талон нөмірі негізінде жеке өзі алу қажет.

Бұйрыққа сәйкес пилоттық жоба 2026 жылғы 31 наурызға дейін жұмыс істейді.