Балқашқа жүретін жаңа автобус әлеуметтік маңызды бағыттарға қосылды

Балқашқа жүретін жаңа автобус әлеуметтік маңызды бағыттарға қосылды

Қарағанды облысында 47 әлеуметтік маңызды автобус маршруты бар. Тізім кеңейтілді: тізімге Қарағанды – Ақтоғай – Балқаш рейсі енгізілді. Ол тестілік режимде Ақтоғай ауданы тұрғындарының өтініші бойынша іске қосылды.

Әлеуметтік маңызы бар жолаушылар қатынасы тізіміне енгізілген өзгерістерді облыстық мәслихат депутаттары кезектен тыс, XXVI сессияда бекітті.

– Ақтоғай ауданының тұрғындары Балқаш қаласына тұрақты маршруттың болмауына байланысты бірнеше рет хабарласқан. Бұл мәселе облыс әкімінің халықпен кездесуінде көтерілді. Аталған бағытқа автобус қатынасын ұйымдастыру туралы тапсырма берілді. 1 сәуірден бастап ол тестілік режимде іске қосылды. Жалпы, бұл бағытқа деген сұраныс жоғары, – деді жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының м. а. Мақсат Мұқашев.

Өзгерістер әлеуметтік маңызы бар темір жол бағыттарына да қатысты болды. Облыста олардың саны сегіз. 1 маусымнан бастап жазғы кезеңде Қарағанды – Балқаш пойызының қосымша құрамы іске қосылады. Бұл шешім – көлікке қолжетімділікті арттыруға бағытталған маңызды қадам және ішкі туризмді дамытуды ынталандыратын болады.

Сессияда сондай-ақ 2025 жылға арналған инфляцияны ескере отырып индекстелген жер үсті көздерінен су ресурстарын пайдаланғаны үшін төлем ставкалары бекітілді.