Теміртау қаласы 80 жылдығына орай ауқымды түрде жаңартылып жатыр

Теміртау қаласы 80 жылдығына орай ауқымды түрде жаңартылып жатыр

Теміртауда жолдар мен инженерлік желілерді ауқымды жөндеу, сондай-ақ қаланың басты көшесі – Металлургтер даңғылын абаттандыру жалғасуда. Теміртаудың 80 жылдық мерейтойына орай тұрғындар да жаңарудан тыс қалған жоқ: «Халық қатысатын бюджет» бойынша 13 бастама жүзеге асырылуда.

Металлургтер даңғылы бульвар бөлігі салынғаннан бері жарты ғасырдан астам уақыт бойы күрделі жөндеуден өтпеген. Енді ол кешенді түрде жаңартылуда: жолдың жүру бөлігін жөндеу, кеспе тастарды ауыстыру, орындықтар, жарықтандырудың жаңа тіректері, шағын архитектуралық пішіндер орнатылуда. 

Мұнда веложолдар, балалар және спорт алаңдары ашылады. Сондай-ақ, ротонда қалпына келтіріледі. 

Жүріс бөлігінде кейіннен асфальттың екі қабатын төсей отырып, негіздемені ресайкл әдісімен қайта жаңарту қолданылады.

ТКШ қалалық бөлімі басшысының орынбасары Арғынғазы Қуанышев жол жұмыстары Абай көшесінде (Теміртау көшесінен Сарыарқа көшесіне дейін), Бейбітшілік даңғылында (Қаршоссе көшесінен Бауыржан Момышұлы көшесіне дейін) және Құрылысшылар даңғылында (Ушинский көшесінен Мичурин көшесіне дейін).

– Сондай-ақ жалпы ұзындығы 24 шақырымға жуық 19 учаскені орташа жөндеуге дайындық жүргізілуде. Қазір жобалық-сметалық құжаттама Сапа орталығында сараптамадан өтуде, – деп атап өтті Арғынғазы Қуанышев.

Жұмыстар Шоқан Уәлиханов көшесінен Металлургтер даңғылына дейінгі учаскеде де жүріп жатыр. Нысанның ауданы – 93 мың шаршы метр. Өткен жылы бірінші кезеңді аяқтадық – асфальттың бір қабатын төседік. Қазір екінші қабатты төсеу жұмыстары аяқталуға жақын.

Асфальт төсеу алдында барлық учаскелерде жылу желілері жаңартылады. Сондай-ақ, биыл 150 жаңа орамішілік жарықтандыру тіректерін орнату жоспарланған.

Өткен жылы Теміртауда «Халық қатысатын бюджет» бойынша бір жоба жүзеге асырылды. Тұрғындар 70-ші орамдағы №12а үйдің жанындағы саябақты абаттандыруды ұсынды. Бұл жерде автотұрақ кеңейтілді, жарықтандыру, орындықтар орнатылды, асфальт жабыны жаңартылды, воркаут аймағы мен балалар алаңы жабдықталды.

Маруа Қармысбаева осы саябақтың жанында тұрады. Күн сайын осында немерелерімен серуенге шығады.

– Осындай гүлзар мен балалар алаңын жасағанына қуаныштымыз. Қалада мұндай орындар көп болғаны жақсы, – дейді Теміртау тұрғыны.

Теміртаулықтар «Халық қатысатын бюджет» жұмыс істеп жатқанын көріп, биыл тұрғындардың бастамасымен бірден 13 жоба жүзеге асырылмақ.