Қарағанды облысына Жасыл климат қорының делегациясы келді

Қарағанды облысына Жасыл климат қорының делегациясы келді

Қарағанды облысына GCF (Жасыл климат қоры) атқарушы директоры Мафальда Дуарте бастаған делегация келді. Халықаралық қаржы институты Еуропалық қайта құру және даму банкімен серіктестікте Қазақстанда жаңартылатын энергия көздерін дамыту бағдарламасын инвестициялады. Ең ірі жобалардың бірі – Сарандағы қуаты 100 МВт күн электр станциясы, ол 2019 жылдан бері табысты жұмыс істеп келеді.

GCF басшысы ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевпен, Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевпен және ЕҚДБ өкілдерімен бірге нысанда болып, күн станциясының жұмысын бағалады.

Күн паркінің ауданы – 160 га, онда 300 мыңнан астам фотоэлектрлік модуль орнатылған. Бұл жерде негізгі қосалқы станция мен энергия жинақтағыш орналасқан. Бұл кешенге 11 адамнан тұратын ұжым қызмет көрсетеді – штатта көбінесе жергілікті тұрғындар.

Кәсіпорын басшылығының мәліметінше, электр энергиясының орташа жылдық өндірісі 120 млн киловатт-сағатты құрайды. 

ЖЭК-ті қолдау жөніндегі қаржы-есеп айырысу орталығымен жасалған келісімшартқа сәйкес қуат толық көлемде іске асырылып, KEGOC желісіне беріледі.

Жобаның тарихы, қазіргі жағдайы мен келешегі туралы «SES Saran» ЖШС бас директоры Евгений Гребенников баяндады. Ол мемлекет пен жергілікті атқарушы органдардың рөлін атап өтті.

– Жасыл экономика туралы заң инвестициялық шешімге қатысты негізгі құжатқа айналды. Жоба басында жергілікті атқарушы органдармен тығыз байланыста жұмыс істедік. Нақты уақыт режимінде ашық терезе қағидаты бойынша аталған жер учаскесін бөлуге, ТЭН әзірлеуге, барлық қажетті материалдарды алуға байланысты біздің барлық бастамаларымыз қолдауға ие болды, – деп атап өтті кәсіпорын басшысы.

Ол ЕҚО-мен жасалған келісімшарт қатал және өзгертуге жатпайтынын, бұл инвесторға кепілдік беретінін айтты.

Саран күн электр станциясы – таза технологияларды енгізудің және тұрақты энергетикаға халықаралық инвестицияларды тартудың табысты мысалы.

Ол экологиялық тұрғыдан көмірқышқыл газын, CO2 шығарындыларын азайтуға көмектеседі.

– Бұл менің Қазақстанға алғашқы сапарым. Біз осында келдік, себебі ЕҚДБ-мен бірге осы станция сияқты пилоттық жобаларға көп қаражат инвестицияладық. Нысандарды аралап, олардың дамуын көруге келдім. Қазақстан үкіметімен болашақ жобаларда қандай басымдықтарды белгілеу керектігін талқылағым келеді. Бұл менің сапарымның негізгі мақсаты, – деді Мафальда Дуарте ханым. – Бұл стансаның маңызы зор: атап айтқанда, барлық бағдарламаның 40%-ы дәл осы жобаға тиесілі. Стансаның жұмыс істеп тұрғаны қуантады, біз өз мақсатымызға жеттік.

Делегация сондай-ақ Ә. Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде болды.

Мұнда түрлі салалардағы, соның ішінде жасыл энергетикаға қатысты ғылыми жобалардың көрмесі ұсынылды.