Қарағанды облысында мәдениет пен өнер саласының үздік қызметкерлері марапатталды

Қарағанды облысында мәдениет пен өнер саласының үздік қызметкерлері марапатталды

Мәдениет пен өнер саласының үздік қызметкерлеріне Қарағанды облысы әкімінің сыйлығы табысталды. Кәсіби мерекеге орайластырылған дәстүрлі марапат – талант пен шеберлікті тану белгісі. 

Биыл сыйлық мөлшері екі есеге – екі миллион теңгеге дейін ұлғайтылды. 

Және де номинациялар көбейді: Жұмысшы мамандықтары жылында жұмысы сахна сыртында қалатындарды – техникалық мамандарды, костюммерлерді, жарықтандырушыларды атап өтуге шешім қабылданды.

– Бүгін біз өз қажырлы еңбегімен халқымыздың рухани құндылықтарын сақтап, арттырып, өнер, музыка, сөз және дәстүр арқылы адамдарды шабыттандырып, ағартып, біріктіріп отырғандарды салтанатты түрде құрметтеп отырмыз, – деп құттықтады облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев. – Айта кету керек, біздің өңірдің мәдениетін дамыту мен қолдауға ерекше көңіл бөлінеді. Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру аясында 2022–2025 жылдар аралығында еңбекақы төлеу қоры 100%-ға ұлғайтылды. Жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын лауазымдық айлықақыларға қосымша 30% мөлшерінде ынталандыру үстемеақы енгізілді. Бұл шаралар мәдениет қызметкерлерінің табыс деңгейін арттырудағы маңызды қадам болды.

Тұрғын үй мәселесін шешуге, сондай-ақ мәдениет ошақтарын қайта жаңартуға назар аударылады. 

Жаңа нысандардың, соның ішінде облыс орталығына аса қажетті концерт залының құрылысы жоспарлануда.

Кәсіби мереке қарсаңында ҚР Президентінің Жарлығымен бірқатар мәдениет және өнер қызметкерлері мемлекеттік наградаларға ие болды. Олардың арасында екі қарағандылық бар.

Мемлекет басшысының атынан облыс әкімі Музыкалық комедия театрының әртісі Александр Бойкоға «Құрмет» орденін тапсырды.

Қ. Байжанов атындағы Қарағанды концерт бірлестігінің әртісі Әсет Әбілдин «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағына ие болды. Награданы оған Ақордада өткен рәсімде Мемлекет басшысы өз қолымен табыс етті.

– Әрине, бұл мен үшін үлкен құрмет. Өте әсерлі сәт болды. Біздің елімізде мәдениетке үлкен көңіл бөлінеді және мәдени игілікті сақтап, оны көбейткендердің еңбегін атап өткені қуантады, – деп бөлісті Әсет Әбілдин. –Менің басты жетістіктерімнің бірі – «Шындауыл» ансамблін құру. Бірақ көп жылдар бойы мен симфониялық оркестрде, Тәттімбет атындағы халық аспаптар оркестрінде ойнадым. 2000 жылдары Қазақстанның үздік барабаншысы деп танылдым. Бір кездері өзім оқып, алғашқы музыкалық тәжірибемді алдым, ал қазір колледжде сабақ беремін. Сіз өз жұмысыңызды қуана атқарсаңыз, ол міндетті түрде маңызды жемістер әкеледі.

21 аталым бойынша Қарағанды облысы әкімінің сыйлығына 25 адам ие болды.

Е. Рахмадиев атындағы симфониялық оркестрдің әртісі Жанета Алдыханова «Кәсіпке адалдығы үшін» бас марапатқа ие болды. Сахнада 40 жыл, оның 35-і Қарағанды филармониясында.

– Консерваторияны бітіргеннен кейін Алматыда жұмыс істедім. Марат Бисенғалиевтің камералық оркестрінде ойнау мәртебесіне ие болдым. Бірақ қазіргі қарағандылық оркестрді жақсы көремін. Оған әрдайым адалмын, – деп лауреат өз ұжымына деген сүйіспеншілігін мойындады.

Марапатталғандардың арасында музыкалық комедия театрының ұстасы Ерлан Молдалим бар. Ширек ғасыр бойы ол театр ұжымында еңбек етіп, спектакльдерге реквизит жасайды. Мысалы, «Алые паруса» мюзикліндегі кеме оның қолымен жасалған.

– Біз – көзге көрінбейтін майданның жұмысшыларымыз. Сонымен қатар, театр өнеріне, қойылымдар жасауға өз үлесімізді қосамыз. 25 жыл бойы ұжымда көптеген қоюшы суретшілермен жұмыс істедім, олардың эскиздері бойынша спектакльдерге реквизиттер әзірледім, – дейді Ерлан Молдалим.

2025 жылы Қарағанды облысы әкімінің мәдениет және өнер саласындағы сыйлығының лауреаттары:

- «Жыл әртісі» – Бауыржан Нұрмағанбетов, С. Сейфуллин атындағы Қарағанды академиялық қазақ драма театры;

- «Жыл әртісі» – Светлана Федоренко, К. С. Станиславский атындағы Қарағанды орыс драма театры;

- «Жылдың классика жанрының вокалисі» – Рысты Рахымжан, Қ. Байжанов атындағы Қарағанды концерт бірлестігінің «Арай» ансамблі;

- «Халық әнін үздік орындаушы» – Сержан Мұсайын, Қ. Байжанов атындағы Қарағанды концерт бірлестігі;  

 - «Жылдың эстрада жанрының вокалисі» – Әсел Қарабаева, Қ. Байжанов атындағы Қарағанды концерт бірлестігінің «Мерей» ансамблі;  

- «Үздік айтыскер» – Еркеғали Бекболат, суырыпсалма ақын, журналист;

- «Жылдың үздік инструменталисі» – Қайрат Омаров, Тәттімбет атындағы Қазақ халық аспаптары академиялық оркестрінің әртісі; Жанна Шестакова, Қарағанды академиялық музыкалық комедия театрының концертмейстері;

- «Жылдың үздік жеке аспапта орындаушысы» – Арман Айнабаев, Қ. Байжанов атындағы Қарағанды концерт бірлестігінің «Арқа сазы» фольклорлық ансамблінің әртісі;     

 - «Жыл хореографы» – Светлана Харченко, Теміртау мәдениет сарайының «Глория» үлгілі хореографиялық ансамблінің жетекшісі;

- «Балет және хореографиялық ұжымның үздік әртісі» – Нұргүл Мұстафинова, Қ. Байжанов атындағы Қарағанды концерт бірлестігінің «Аққу» хореографиялық ансамблі; 

- «Ауыл мәдениетінің үздік қызметкері» – Амангелді Шахарбаев, Нұра аудандық мәдениет үйінің концертмейстері;

- «Демалыс уақытын үздік ұйымдастырушы» – Дариға Біләлова, Бұқар жырау ауданы Доскей ауылының клуб-кітапханасын ұйымдастырушы;

- «Көркемөнерпаздар ұжымының үздік жетекшісі» – Валерий Роголев, Кеншілер мәдениет сарайының вокалдық-аспаптық ансамблінің жетекшісі;

- «Үздік архивист» – Әсел Балпанова, Бұқар жырау ауданының мемлекеттік мұрағат қорының бас сақтаушысы;

- «Ауылдың үздік кітапханашысы» – Шолпан Қамышева, Абай ауданы Құрма ауылының кітапханасы;

- «Үздік кітапханашы» – Айжан Исина, зағип және нашар көретін азаматтарға арналған облыстық арнайы кітапхананың қызмет көрсету бөлімінің жетекшісі;

- «Алтын жолақ» – ақын Ерқанат Кеңесбек; Ерсін Мұсабек, облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің бас редакторы;

- «Үздік музей қызметкері» – Гүлім Сыздықова, Теміртау қалалық тарихи-өлкетану мұражайының экскурсиялық-бұқаралық бөлімінің меңгерушісі;

- «Техникалық қызметтердің үздік қызметкері» – Мейрам Аязбаев, К. С. Станиславский атындағы Қарағанды орыс драма театры сахнасының машинисі; Мейірман Әбдірахманов, С.Сейфуллин атындағы Қарағанды академиялық қазақ драма театрының жөндеу цехының меңгерушісі;

- «Көркемдік-қойылым бөлімінің үздік қызметкері» – Алма Күлмағамбетова, Қ.Байжанов атындағы Қарағанды концерт бірлестігінің костюм меңгерушісі; Ерлан Молдалим, Қарағанды академиялық музыкалық комедия театрының ұстасы;

–  «Мамандыққа адалдығы үшін» – Жанета Алдыханова, Қ. Байжанов атындағы Қарағанды концерт бірлестігінің Е.Рахмадиев атындағы академиялық симфониялық оркестрінің әртісі.