
Қарағанды облысында шағын және орта бизнесті қолдау бойынша "Кәсіпкер" өңірлік бағдарламасы жалғасуда. Ол "Даму" қорымен бірлесіп іске асырылуда және кәсіпкерлік белсенділікті арттыруға, жергілікті өндірісті ұлғайтуға және жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталған. Өткен жылы осы бағдарлама бойынша өңдеу өнеркәсібі, көлік, туризм және т. б. салаларда 42 жоба қаржыландырылды. Жыл басынан бері тағы жеті жоба жеңілдетілген несие түрінде қолдау тапты.
"Экономиканың нақты секторы саласында екі жоба қаржыландырылды - өңдеу өнеркәсібі, көлік және қоймалау. Денсаулық сақтау саласындағы үш жоба мен тұру және тамақтану жөніндегі қызметтер саласындағы екі жоба қаржылай қолдауға ие болды. Несиелердің жалпы сомасы 249 млн теңгені құрады", – деп хабарлады кәсіпкерлік басқармасы.
ШОБ-ті қолдау Бірыңғай кешенді бағдарлама шеңберінде де көрсетіледі. Ең қажетті және тиімді құралдар – пайыздық мөлшерлемені субсидиялау және несиелерге кепілдік беру.
Кәсіпкерлік басқармасының мәліметінше, алғашқы төрт айда облыста несие қоржынының жалпы сомасы 10,1 млрд. теңге болатын 80 жаңа жоба қаржыландырылды және бұрын іске қосылған 1,7 мың жобаны субсидиялау жалғасуда.
"Мемлекеттік қолдау шаралары қолайлы бизнес-ахуал қалыптастыруға, инвестициялық тартымдылыққа және жалпы өңір экономикасының өсуіне ықпал етеді. Тек 2025 жылдың бірінші тоқсанында ШОБ-тің 75 жаңа нысаны ашылды, облыс экономикасына 60,7 млрд теңге инвестицияланды, бұл негізгі капиталға салынған барлық инвестициялардың 37%-ын құрайды", – деп атап өтті облыстық кәсіпкерлік басқармасында.
Бүгінде облыста 100 мыңға жуық ШОБ субъектілері бар. Бұл секторда 244 мыңнан астам адам жұмыс істейді – өңірдің экономикалық белсенді халқының жартысы.