2025 жылғы 3 мамырда Қарағанды қаласындағы Тәуелсіздік алаңында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің қатарына көктемгі шақырылыммен әскерге шақырылған жастарды салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті. Аталған күні 30 жас сарбаз мерзімді әскери қызметке аттанды.
Іс-шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнін орындаудан басталды. Салтанатты шараға Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Үсенұлы Әлденей, Қарулы Күштердің ардагерлері, әскери комиссариаттардың өкілдері, сарбаздардың ата-аналары мен жақындары қатысты.
Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ә.Ү.Әлденей құттықтау сөз сөйлеп, жас сарбаздарға әскери борыштарын абыроймен атқарып, табандылық пен тәртіптілік тілеп, Отан алдындағы парызды өтеу – әр азаматтың қасиетті міндеті екенін атап өтті. Сөз соңында Қарағанды облысы әкімдігі атынан әрбір сарбазға әскери қызметке аттанар алдында естелік сыйлықтар табыс етілді. Бұл – Отан алдындағы борышын өтеуге дайын екені үшін көрсетілген қолдау мен алғыстың белгісі болды.
Одан кейін Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің Құрметті ардагері, Ауған соғысының ардагері, Қызыл Жұлдыз орденінің иегері, отставкадағы полковник Жантасов Амангелді Теміржанович сөз алып, өзінің әскери тәжірибесімен бөлісіп, жас сарбаздарға әскери жолды абыроймен өтуге тілектестігін білдірді.
Сондай-ақ, Қарағанды облысы бойынша «Сердца Матерей» Сарбаздар аналарының Комитеті» РҚБ өкілі Аубакирова Загира Құсайынқызы сөз сөйлеп, сарбаздар мен олардың ата-аналарына қолдау білдіріп, жас жігіттерге зор денсаулық, жеңіл қызмет пен аман-есен оралуын тіледі.
Іс-шара жылы әрі патриоттық атмосферада өтіп, естелік суретке түсумен аяқталды.