Қарағанды облысы әкімінің «Қайнар» жастар сыйлығының лауреаттарын іріктеу жөніндегі комиссия отырысы болып өтті

Қарағанды облысы әкімінің «Қайнар» жастар сыйлығының лауреаттарын іріктеу жөніндегі комиссия отырысы болып өтті

2020 жылғы 30 қарашада облыс әкімінің орынбасары А. Н.Нүкеновтің төрағалығымен жастар арасында жемісті ғылыми, шығармашылық, кәсіби және қоғамдық қызметі үшін танылған Қарағанды облысы әкімінің 14-29 жас аралығындағы жас азаматтарына берілетін жастар сыйлығының лауреаттарын іріктеу жөніндегі комиссияның отырысы өтті.

Сыйлық Қарағанды облысы әкімінің жастар сыйлығының лауреаттарын іріктеу жөніндегі комиссияның (бұдан әрі – Комиссия) шешімі бойынша конкурстық негізде беріледі.

Комиссия құрамы 15 адамнан тұрады және оған құзыретті мемлекеттік органдардың, Қарағанды облысының Кәсіпкерлер Палатасының, «Талбесік» ҚБ, «Altyn shanyraq 1917» ҚБ өкілдері, облыстық және қалалық мәслихаттардың депутаттары, журналистер, «Рухани жаңғыру», «Сарыарқа – адалдық алаңы» жобалық кеңселерінің басшылары және т. б. кіреді.

Cыйлыққа үміткерлерді ұсынуды облыстың жергілікті және басқа мемлекеттік органдары, шығармашылық және кәсіби одақтары, ұйымдар мен мекемелері, жастар қоғамдық бірлестіктері жүзеге асырады.

Ағымдағы жылы Комиссияның қарауына 85 үміткердің құжаттары келесі 10 номинация бойынша ұсынылды: «Жас көшбасшы», «Жас маман», «Жас жұмыскер», «Отан қорғаушы», «Жас ғалым», «Жас педагог», «Жас медицина қызметкері», «Жас волонтер», «Жастар саясатын дамытуға қосқан үлесі үшін», «Жастар ресурстық орталығы».

Аталмыш сыйлық 2005 жылдан бастап беріледі және осы уақытқа дейін Қарағанды облысының 130-дан аса жастары лауреат атанды.

Комиссия отырысының қорытындысы бойынша сыйлық лауреаттары анықталды, оларға ағымдағы жылдың 11 желтоқсанында Жастар ісі жөніндегі кеңес аясында облыс әкімінің 250 мың теңге мөлшеріндегі сыйлығы, дипломдар мен «Қайнар» статуэткасы табысталады.