
Ғарышты бағындырған тұлғаға – Сарыарқаның құрметі.
28 шілде күні Қарағанды облысында Халық Қаһарманы, Кеңес Одағының Батыры, Қазақстанның тұңғыш ғарышкері, сынақшы-ұшқыш Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкіровтің 80 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралар өтті.
Мерейтой аясындағы бағдарлама салтанатты қарсы алудан басталып, Қазыбек би ескерткішіне гүл қою және бата беру рәсімімен жалғасты. Одан кейін ғарышкерлер монументіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтіп, ардагерлермен, курсанттармен және арнайы келген қонақтармен кездесулер ұйымдастырылды.
Салтанатты қабылдау барысында мерейтой иесіне құттықтаулар айтылып, концерттік бағдарлама ұсынылды. Қонақтар «Ғарышқа самғаған қазақ» көрмесін тамашалап, Тоқтар Оңғарбайұлының өмір жолы мен ғарыш саласындағы қызметіне арналған «Аспан адамы» деректі фильмінің жабық көрсетіліміне қатысты.
Сондай-ақ Қарағанды облысының жастарымен ашық кездесу өтті. Кездесу барысында жастар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, Тоқтар Оңғарбайұлы еңбек жолы, ғарышты игеру тарихы, елге қызмет ету және өмірлік тәжірибесі туралы ой-пікірлерімен бөлісті.
Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкіровтің 80 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралар Қазақстанның тұңғыш ғарышкерінің мерейтойын атап өту аясында ұйымдастырылды.