
«Талдау мектебі» жобасының командасы үшін Сенат Төрағасының Құрмет грамотасын алу — маңызды оқиға болды. Аталған марапат жастардың талдау қабілетін дамытуға және азаматтық белсенділігін арттыруға бағытталған жобаны ұйымдастыруға қосқан үлес үшін табысталды.
Бұл оқиға елде жүргізіліп жатқан ауқымды конституциялық реформалар аясында ерекше мәнге ие. Жалпыұлттық референдум нәтижесінде қабылданған өзгерістер азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының басымдығын бекітіп, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті күшейтті және мемлекеттік басқарудың ашықтығын арттыруға бағыт берді.
Аталған реформалар өңірлік деңгейде де өз көрінісін табуда. Қарағанды облысында ашық қоғамдық орта қалыптастыруға бағытталған бастамалар жүзеге асырылуда. Солардың бірі — «Талдау мектебі» жобасы. Бұл алаң жастарға өзекті мәселелерді талқылауға, пікір алмасуға және нақты шешімдер ұсынуға мүмкіндік береді.
Жоба өкілдерінің айтуынша, мұндай бастамаларды дамытуда өңірлік биліктің қолдауы ерекше маңызды. Өз кезегінде қатысушылар жоғары белсенділік танытып, қоғамдық үдерістерді талдауға қызығушылық білдіруде.
Алдағы уақытта осындай жобаларды жүзеге асыру қоғам мен мемлекет арасындағы диалогты нығайтып, өңір жастарының әлеуетін арттыруға ықпал етеді деп күтілуде.