
10–14 қараша аралығында Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен – «Жастармен жұмыс істейтін мамандардың кәсіби құзыреттерін дамыту. Тиімді байланыс және көшбасшылық» тақырыбында біліктілікті арттыру курсы өтті. Бағдарлама жастармен жұмыс істейтін мамандардың кәсіби құзыреттерін, көшбасшылық және коммуникациялық дағдыларын дамытуға бағытталды.
Оқыту барысында қатысушылар жастар саясатының құқықтық базасын, қазіргі жастардың психологиясы мен құндылықтарын талдап, тиімді коммуникация және цифрлық этикет бойынша білімдерін жетілдірді. Сондай-ақ эмоционалды интеллект, стресс пен конфликттерді басқару, кәсіби күйзелістің алдын алу мәселелері қамтылды.
Бағдарламаның келесі кезеңдерінде жастар ортасындағы көшбасшылық, команда қалыптастыру, жобалық ойлау, ресурстар мен тәуекелдерді басқару тақырыптары қарастырылды. Қатысушылар көпшілік алдында сөйлеу, сторителлинг, әлеуметтік желілер арқылы жастар жобаларын ілгерілету және pitch-сессияда идея қорғау бойынша практикалық машықтарын дамытты.
Оқу қорытындысында жағдайлық кейстер талданып, мамандарға жастармен жұмыс жасауға қажетті нақты тәжірибелік құралдар ұсынылды.
Соңғы күні қатысушылар өздері таңдаған актуалды тақырыптар бойынша ақпараттар дайындап, командаларымен қорғап шықты. Оқу барысында алған білімдері олардың қабілеттерін одан әрі дамытуға серпін береді деп сенеміз.