Қарағанды облысы жастары арасында пікірсайыс қозғалысын дамытуға бағытталған жоба жүзеге асырылды

Қарағанды облысы жастары арасында пікірсайыс қозғалысын дамытуға бағытталған жоба жүзеге асырылды

Қарағанды облысы жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының тапсырысы бойынша Қарағанды облысы жастары арасында пікірсайыс қозғалысын дамытуға бағытталған жоба жүзеге асырылды.
Жобаның басты мақсаты – өзін-өзі жетілдіруге, көшбасшылыққа және қоғамдық өмірге белсене араласуға ұмтылатын белсенді, ойлы жастарды қолдау және жастар пікірсайыс қауымдастығын дамыту болып табылады.
🗓 2025 жылдың қыркүйек айында жоба аясында Британдық парламенттік формат (БПФ) және Линкольн–Дуглас (ЛД) форматтары бойынша оқыту курстары ұйымдастырылды.
🎤 Оқыту курстарын республикалық және халықаралық турнирлердің бірнеше дүркін чемпионы – Бердәлі Құнанбай Болатұлы жүргізді.
📍 Іс-шаралар академик Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті мен Қазтұтынуодағы Қарағанды университетінің базасында өтті.
Оқыту курстарына Қарағанды облысының жоғары оқу орындарындағы пікірсайыс клубтарының белсенді өкілдері мен сыни ойлау, аргументация және көпшілік алдында сөйлеу дағдыларын дамытуға қызығушылық танытқан жастар қатысты.
Жоба аясында қатысушыларға оқу семинарлары, тренингтер және республикалық турнирге дайындық түрінде кешенді қолдау көрсетілді. Бұл пікірсайыс дағдыларының деңгейін арттыруға, сыни және аналитикалық ойлауды дамытуға, сондай-ақ өңірдегі пікірсайыс клубтары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етті.
💬 Жобаның қорытынды кезеңі академик Е. А. Бөкетовтың 100 жылдығына арналған республикалық пікірсайыс турнирі болды.
📍 Турнир академик Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінде өтті.
Байқауға Астана, Атырау, Шымкент, Семей, Талдықорған, Павлодар, Көкшетау, Алматы және Қарағанды облысынан келген 10 өңірдің 32 командасы қатысты. Ойындар Қазақ лигасында БПФ форматында өтті.
⚡️ Турнир – интеллект, логика және аргумент күшінің нағыз аренасына айналды. Жас спикерлер жоғары дайындық деңгейін, талдау қабілетін, өз ұстанымын дәлелдеп, пікірталас жүргізу шеберлігін көрсетті.
💰 Жүлде қоры 800 000 теңгені құрады.
Жобаның қорытындысы ретінде өңірлік пікірсайыс қауымдастығы нығайып, жастардың өзін-өзі дамыту және ашық диалог мәдениетін қалыптастыру мүмкіндіктері кеңейді.