«Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру

«Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру

Қазақстан Республикасы Экология, Геология және табиғи ресурстар министрінің Үлгілік қағидалары шеңберінде («Жануарларды аулаудың, уақытша күтіп-бағудың және жансыздандырудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы» 2022 жылғы 18 мамырдағы № 162 бұйрығы және «Үй жануарларын күтіп-бағудың және серуендетудің Үлгілік қағидаларын бекіту туралы» 2022 жылғы 20 мамырдағы № 168 бұйрығы) облыстық мәслихатпен Қарағанды облысының аумағында үй жануарларын ұстау және серуендету мен Қарағанды облысының аумағында жануарларды аулау, уақытша ұстау және жансыздандыру Қағидалары бекітілді.

Ағымдағы жылы, ауланған жануарларды ұстау, бірдейлендіру, вакцинациялау және стерилизациялау жөніндегі іс-шараларға ветеринария басқармасы мемлекеттік сатып алулар рәсімін өткізді. Жарияланған конкурстардың нәтижелері бойынша қаңғыбас жануарларды аулау, уақытша ұстау және жансыздандыру жөніндегі іс-шараларды өткізуге мүдделі субъектілер (заңды және жеке тұлғалар) болмағандықтан, қаржы бюджетке қайтарылды.

Алдағы 2023 жылы мемлекеттік сатып алулар рәсімі жыл басынан өткізілетін болады. Жеке ветеринариялық клиникаларға, жануарларды қорғаушылар ұйымдарына мемлекеттік сатып алуларға белсенді қатысу қажет.

Ветеринариялық станцияның жұмысы жануарларды аулау, уақытша ұстау және жансыздандырудың Үлгілік қағидаларының 2-тарауының 8, 9-тармақтарына сәйкес, ұйымдастырылған.

Қоғамдық орындарда (көшелерде, аула аумақтарында, саябақтарда, скверлерде, қараусыз қалған ғимараттарда, қала шетінде, саяжай алқаптарында және басқа жерлерде) жануарлар иесінің қарауынсыз жүрген қараусыз қалған және қаңғыбас жануарлар аулауға жатады. Адамға, жануарларға шабуыл жасаған немесе адамның өмірі мен денсаулығына қатер төндіретін қараусыз қалған және қаңғыбас иттерді, жануарларды, оның ішінде кемінде үш дарақтан тұратын топтасқан иттерді мекендеу ортасынан аулау кезінде, Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салынбаған жануарларды қимылсыздандыруға арналған препараттарды қолдануға жол беріледі. Аулау қызметі, еркін нысанда акт жасайды, оған кемінде екі куә қол қояды және оны ақпараттық жүйеде тіркейді. Куәлар болмаған жағдайда, аулауды тіркеудің техникалық құралдарын қолдануға жол беріледі.

Үй жануарларын толық есепке алу, 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап, ұйымдастырылады. Үй жануарларын электронды түрде есепке алуды ұйымдастыру үшін, «TANBA» ақпараттық есепке алу жүйесі пайдалануға берілді. Осыған байланысты, ветеринариялық станциялар, жеке ветеринариялық клиникалар және т.б. аталған сервисте тіркеліп, жануарларды есепке алуды бастауы қажет.