FAO Қазақстандағы ветеринариялық эпидемиология саласындағы әлеуетті арттырып, жұқпалы ауруларды эпидемиологиялық қадағалау мен бақылауды күшейтуде

FAO Қазақстандағы ветеринариялық эпидемиология саласындағы әлеуетті арттырып, жұқпалы ауруларды эпидемиологиялық қадағалау мен бақылауды күшейтуде

АСТАНА, 2026 жылғы 14 қыркүйек — Біріккен Ұлттар Ұйымы Азық-түлік және Ауыл шаруашылығы ұйымы (FAO) Астанада ветеринария мамандарының жұқпалы ауруларды эпидемиологиялық қадағалау және бақылау саласындағы кәсіби әлеуетін арттыруға бағытталған бес күндік практикалық семинарын бастады. Семинардың негізгі бағыттарының бірі бруцеллезге ерекше назар аудара отырып, мал ауруларын тиімді бақылау және алдын алу шараларын талқылау.

Аталмыш семинарға Қазақстанның әр өңірінен ветеринария саласының мамандары қатысып, эпидемиологиялық қадағалау, тәуекелдерді бағалау, ауруларды зерттеу және деректерге негізделген ауруларды бақылау бойынша практикалық дағдыларын жетілдіреді. Шараны ФАО-ның ветеринариялық эпидемиологы әрі тәжірибелі сарапшы-тренер Хавьер Гитьян-Мартинес жүргізуде. Оның жұмысы қолданбалы ветеринариялық эпидемиологияны және мал денсаулығына қатысты тәуекелге негізделген тәсілдерді дамытуға бағытталған.

«Ветеринариялық қызметтердің мал ауруларын ерте анықтап, қауіп деңгейі жоғары осал тұстарды айқындап, шұғыл шаралар қабылдауын қамтамасыз ету үшін практикалық эпидемиологиялық дағдыларды дамыту аса маңызды. Бұл семинар қатысушыларға эпидемиологиялық қадағалау деректерін талдаудан бастап, ауру ошақтарын зерттеу және қауіпті нақты бағалауға дейін күнделікті жұмысында қолдана алатын практикалық құралдарды ұсынады», - деді ФАО ветеринариялық эпидемиологы Хавьер Гитьян-Мартинес.

Семинардың алғашқы күні ветеринариялық эпидемиологияның негізгі қағидаларын және мал денсаулығын қорғауда практикалық тұрғыда қолдануды түсінуге арналды. Сонымен қатар қатысушылардың бастапқы білім деңгейін бағалауға арналған сауалнама мен топтық викторинадан басталды. Одан кейін ветеринариялық эпидемиологияның мал денсаулығындағы рөлі, сондай-ақ мал популяцияларындағы аурулардың таралу жиілігін өлшеу мәселелері қарастырылды. Практикалық жаттығулар барысында қатысушылар алған білімдерін қолданып, эпидемиологиялық ақпаратты талдау және түсіндіру дағдыларын жетілдірді.

Күннің екінші жартысында қатысушылар аурулардың қауіп факторларын анықтау және түсіндіру мәселелеріне назар аударды. Семинардың қорытынды практикалық жаттығуы ауруларды бақылау шараларын әзірлеудегі эпидемиологиялық ақпаратты дұрыс түсіндіруге арналды.

Бағдарлама аясында аурулардың, соның ішінде бруцеллездің, аурудан ада жануарлар популяцияларына ену тәуекелдерін картаға түсіру, сапалық тәуекелді бағалау, жоғары тәуекел тобындағы популяцияларды анықтау, сондай-ақ ауру ошақтарын жүйелі түрде зерттеу мәселелері қамтылады.

Қатысушылар сонымен қатар эпидемиологиялық қадағалау және ауру ошақтарын зерттеу барысында жиналған деректерді Microsoft Excel бағдарламасы арқылы талдау және түсіндіру, сондай-ақ эпидемиологиялық қадағалау мен далалық зерттеулерді күшейтуге мүмкіндік беретін қарапайым цифрлық құралдарды пайдалану тәсілдерін меңгереді.

Техникалық сессияларды практикалық жаттығулармен, кейс-стадилермен және далалық жағдайларға негізделген сценарийлермен ұштастыра отырып, семинар ветеринариялық қызметтердің жұқпалы жануарлар ауруларын анықтау, бағалау және оларға жедел ден қою мүмкіндіктерін күшейтуге бағытталған. Бұл өз кезегінде аурулардың алдын алу мен бақылаудың неғұрлым мақсатты және тәуекелге негізделген тәсілдерін дамытуға ықпал етеді.

Семинар FAO-ның Қазақстанды ветеринариялық эпидемиологиялық қадағалау, дайындық және жануарлар ауруларын бақылау саласындағы әлеуетті күшейту бойынша тұрақты қолдауының бір бөлігі болып табылады.