Ақтоғай ауданының Нүркен ауылдық округінде халыққа сапалы ветеринарлық көмек көрсетуді қамтамасыз ететін жаңа модульді ветеринарлық пункт ашылды.
Салтанатты ашылу рәсіміне Қарағанды облысының ветеринария басқармасының басшысы Амандық Жәкетаев, Ақтоғай ауданының әкімі Абылай Аманжолов, аудандық мәслихаттың төрағасы Рашид Әбеу және Ақтоғай аудандық ветеринария станциясының басшысы Нұрсұлтан Сабыржанов қатысты.
Нүркен ауылындағы жаңа нысан Қазақстан Республикасының 2021–2030 жылдарға арналған агроөнеркәсіптік кешенін дамыту тұжырымдамасы аясында салынды. Оның негізгі бағыттарының бірі – ветеринарлық инфрақұрылымды дамыту.
2024–2025 жылдары осы мақсатқа 243 млн теңге бөлініп, бағдарлама аясында өңірдің 12 елді мекенінде модульді ветеринарлық пункттер іске қосылмақ.
Мұндай нысандардың басты міндеті – эпизоотикалық ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз ету болып табылады. Ветеринарлық пункт көрсететін қызметтер қатарына жануарлардың аса қауіпті ауруларының алдын алу шаралары, оның ішінде диагностика, вакцинация, жоспарлы тексеру кіреді.
– Құрметті ветеринария саласының қызметкерлері, ауыл тұрғындары!
Сіздерді Қазақстан Республикасының 30 жылдығын атап өтіп отырған Конституция күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Осы айтулы мереке қарсаңында Нүркен ауылында ветеринарлық пункттің ашылуы – жергілікті тұрғындар үшін маңызды әрі көптен күткен оқиға. Заманауи, қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталған нысан ауыл халқының сапалы ветеринарлық көмек алуына және мал шаруашылығы өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деді облыстық ветеринария басқармасының басшысы Амандық Жәкетаев.
Сонымен қатар, 2024-2025 жылдары аралығында бюджеттен ветеринариялық станцияларды материалдық-техникалық жабдықтау үшін 620,0 млн. теңге бөлінді, осы қаражатқа 78 бірлік автокөлік, тоңазытқыштар және ветеринариялық іс-шараларды өткізуге арналған құралдар сатып алынды. Сондай-ақ, модульді ветеринариялық пункттерді салу үшін биыл бюджеттен 100 миллион теңге қаражат бөлінді.
– Мұның бәрі эпизоотикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, халықтың денсаулығын сақтауға және саланың тұрақты жұмысына оң әсер ететініне сенімдімін. Баршаңызға еңбекте табыс, жемісті жұмыс және отбасылық береке тілеймін! – деді басқарма басшысы.