«Қарағанды облысы Бұқар Жырау ауданы Көкпекті ауылында арнайы тұрақ (айыппұл тұрағын) құру» МЖӘ жобасын бастамашылық ету туралы хабарлама

«Қарағанды облысы Бұқар Жырау ауданы Көкпекті ауылында арнайы тұрақ (айыппұл тұрағын) құру» МЖӘ жобасын бастамашылық ету туралы хабарлама

«Қарағанды облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы» ММ Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы» Заңына (бұдан әрі – Заң) және Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің м. а. 2015 жылғы 25 қарашадағы № 725 бұйрығымен бекітілген мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын жоспарлау және іске асыру қағидаларына (бұдан әрі – Қағидалар) сәйкес «Қарағанды облысы Бұқар Жырау ауданының Көкпекті ауылында арнайы тұрақ (айыппұл тұрағын) құру» (бұдан әрі – «МЖӘ жобасы») тікелей келіссөздер тәсілімен мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасына бастамашылық жасау туралы хабарлайды.

Жобаны іске асыру мерзімі: 2021-2030 жж.

МЖӘ объектісін құру мерзімі: 3 ай.

МЖӘ объектісін пайдалану кезеңі: 10 жыл.

Жобаны іске асыру орны: Қарағанды облысы, Бұқар Жырау ауданы, Көкпекті ауылы.

Бюджеттен төленетін болжамды төлемдер және (немесе) мемлекеттік қолдау шаралары: Заңның 9-бабының 2-тармағы 4) тармақшасына сәйкес МЖӘ жобасы бойынша операциялық шығындарды өтеу.

Жобаның техникалық жағынан күрделі және (немесе) бірегей тиістілігі: тиісті емес.

Жобаның құны: ҚҚС қосқанда 39 847 000 теңге.

МЖӘ жобасының негізгі техникалық-экономикалық параметрлері:

Арнайы тұраққа (айыппұл тұрағына) осы жоба аясында ауданы 4 гектар асфальтталған алаңды пайдалану жоспарлануда. Осы аумақ қоршаулармен қоршалуы, үш немесе одан да көп кіру-шығу нүктелері болуы тиіс. Сондай-ақ аумақта автокемпинг пен автокөлікке қызмет көрсетуге, сондай-ақ қамауға алынған көлік құралдарының жүргізушілерін жайлылықпен қамтамасыз етуге бағытталған мамандандырылған ғимараттар мен құрылыстар болуы тиіс.

Сонымен қатар, автотұрақ аумағы үшін қолайлы географиялық орналасу, оның ішінде жоба объектісінің автомобиль жолдарына тікелей жақындығы қарастырылған. Нысанның сумен, жылумен, электрмен жабдықталуы қамтамасыз етілген.

Әлеуетті жекеше әріптес өзінің және (немесе) тартылған қаражат есебінен МЖӘ объектісін құруды қаржыландыруға жауапты болады.

Жоспарланған МЖӘ жобасын іске асыруға мүдделі әлеуетті жекеше әріптестер хабарламада көрсетілген талаптарға сәйкес баламалы ұсынысты, сондай-ақ Қағидалардың 130-тармағына сәйкес жекеше әріптесті айқындау жөніндегі тікелей келіссөздерге қатысуға өтінімді ұсынады. Әлеуетті жекеше әріптес Заңның 32-бабына сәйкес мынадай біліктілік талаптарына сәйкес келуі тиіс:

1) құқық қабілеттілігі (заңды тұлғалар үшін) және азаматтық әрекет қабілеттілігі (дара кәсіпкер үшін) болуға;

2) төлем қабілеттілігі болуға, республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің алты еселенген мөлшерінен асатын салық берешегі болмауға;

3) мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты бойынша міндеттемелерді орындауға қажетті қаржылық және (немесе) материалдық және (немесе) еңбек ресурстары болуға;

4) банкроттық не тарату рәсіміне жатпауға, баланстық құны тиісті негізгі құралдар құнының он пайызынан асатын мүлкіне тыйым салынбауға, қаржы-шаруашылық қызметі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тоқтатыла тұрмаған;

5) соңғы үш жыл ішінде жасалған мемлекеттік-жекешелік әріптестік не концессия шарттары бойынша міндеттемелерін орындамағаны және (немесе) тиісінше орындамағаны үшін жосықсыз әлеуетті жекеше әріптес не концессионер деп тану туралы соттың заңды күшіне енген шешімі негізінде жауаптылыққа тартылмаған;

6) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен әлеуетті жекеше әріптестің құрылтайшылары, басшылары терроризм мен экстремизмді қаржыландыруға байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесіне енгізілмеген;

7) мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізіліміне енгізілмеген;

8) мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектісі құнының кемінде жиырма пайызын құрайтын меншікті қаражаты болуға тиіс.

«Қарағанды облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы» ММ осы хабарлама жарияланған күннен бастап 30 күнтізбелік күн ішінде баламалы ұсыныстарды қабылдайды.

Анықтама үшін: «Қарағанды облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы» ММ, мекен-жайы: Қарағанды облысы, Қарағанды қаласы, Әлиханов көшесі, 13, тел.: 8 (7212) 504218 (іш. 6361); e-mail: uptad_krg@mail.ru