Бүгінде Қарағанды қаласында «Көрнекі ақпарат пен жарнама тілін біріздендіру» әлеуметтік жобасы жүзеге асып келеді. Аталған жоба Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының тапсырысы негізінде 2020 жылдан бері іске асуда.
– «Көрнекі ақпарат пен жарнама тілін біріздендіру» әлеуметтік жобасы, ең алдымен, кәсіпкерлерге тиімді. Өйткені қалада орналасқан мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы ұйымдардың, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің көрнекі ақпараттарының «Тіл туралы» және «Жарнама туралы» заңнама талаптарына сәйкестігі қаралады. Заңнама нормаларын түсіндіру, кәсіпкерлерге көрнекі ақпарат бойынша тегін аударма қызметін ұсыну, жарнама мен ақпарат мәтіндеріндегі қатені анықтау – жобаның басты міндеті, – деді Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Алма Шалабаева.
Әлеуметтік жоба аясында «Сауатты жарнама – сауатты кәсіпкер» акциясы ұйымдастырылған. Акция шеңберінде бес жұмыс тобы құрылып бес бағыт бойынша көрнекі ақпаратқа мониторинг жүргізеді.
Маңдайшадағы жазулар, тақтайшадағы хабарландырулар мен жарнамалар заң талабына сай жазылғаны қаралады.
Бұл ретте кәсіпкерлер көрнекі ақпаратты орналастырғанда немесе жарнама ұсынғанда тілдік нормаларды сақтамай, олқылықтарға жол берсе, жұмыс тобының жетекшілері мен еріктілері оларға заң нормасын түсіндіреді. Жобаның артықшылығы да – осында.
– Кәсіпкерлер үшін тиімді тұсы – қажетті мәліметті бірден ауызша алу мүмкіндігі. Олар хабарландыру, көрнекі ақпарат пен жарнама мәтіндерін заңнама талаптарына сәйкес,бірден ретке келтіре алады,– деді басқарма басшысы Алма Қабыкенқызы.