Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен өңірлердегі тіл оқыту орталықтарында ересектерге арналған қазақ және ағылшын тілдерін тегін оқыту курстарының ІІ кезеңі өтуде.Қарағанды облысы аумағында 6 тіл оқыту орталығы мен 8 оқыту курсы жұмыс істейді.
Тіл оқыту курстарына 18 жастан асқан азаматтар өтінім бере алады. Айта кетейік, курстар дүйсенбіден жұмаға дейін «Қазтест» стандартына сәйкес үш ай бойы өткізіледі.
Тағы бір жағымды жаңалық — тұрғындардың ыңғайына қарай өңірлердегі сауда үйлерінен қазақ тілі кабинеттері ашылған. Мәселен, Қарағанды қаласында Достық үйінде, «Каскад», «Абзал» сауда үйлерінде және тіл оқыту орталықтарында қазақ тілі кабинеттері жұмыс істейді.
Сонымен қатар, тіл оқыту курстарының мамандары мемлекеттік мекемелер мен ірі кәсіпорындарға барып, тіл үйренуге ниетті жандарға сабақ өткізуге дайын. Өңір тұрғындарына мемлекеттік тілді оқытумен қатар ағылшын, кейбір өңірлерде түрік және орыс тілдерін де үйрету жоспарланған.Курсқа қатысушылар тілді меңгеру барысында қарапайым деңгейден бастап өз бетінше сөйлем құрап, сөйлеу дағдысын қалыптастырады.
Қарағанды облысы аумағында тіл курстарын ұйымдастыру — Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспары аясында жүзеге асырылуда.
Тіл үйренуге ниетті тұрғындар:
8 (7212) 51-38-00,
8 702 448 9868,
8 776 847 32 21 нөмірлері арқылы оқыту курстарына жазыла алады.