24–25 сәуір күндері Қонаев қаласында «Мемлекеттік тіл саясаты: тәжірибелер мен инновациялар» атты республикалық тәжірибе алмасу семинары өтті.
Алқалы жиын айтулы шарамен басталып, Қонаев шаһарында мемлекет және қоғам қайраткері – Д.А.Қонаевтың ескерткішіне гүл шоғын қою рәсімі ұйымдастырылды.


Семинардың ресми бөлімінде Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Д. Ахметов тіл үйрету әдістемесін жетілдіру, тілді цифрландыру бағытындағы жұмыстарды жүргізу мақсатында Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» ҚБ, Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-тәжірибелік орталығы» КеАҚ және «Nietfix enterprises» ЖШС арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Республикалық тәжірибе алмасу семинарына тіл жанашырлары – ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің қызметкерлері мен еліміздің әр өңірінен келген тілдерді дамыту басқармаларының басшылары,жауапты құрылым өкілдері қатысты. Мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейтудің өзекті тұстарын ортаға салып, тіл саясатын жүзеге асыруда цифрландыру мүмкіндіктерін жан-жақты талқылады.

Тіл саясатын табысты жүргізуде өңірлерде іске асырылып жатқан жобалар да семинар қатысушыларына ұсынылып, алғаш қолданылғалы отырған тың жобалардың презентациясы таныстырылды.

Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын табысты іске асырудың алғышарттары, тілді цифрландыру мәселелері мемлекеттік құрылым қызметкерлерімен – Алматы облыстық полициясы, прокуратурасы және «Қазақстан Халық Банкі» АҚ өкілдерімен бір алаңда бірлесе қарастырылғаны – бұл кездесудің тиімділігі мен ауқымын арттыра түскені сөзсіз.